Русский Сайттың толық нұсқасы

Диснейлік студияның анимациялық тағы бір фильмі қазақшалады

  • AstanaTV
  • 17 маусым 2021
  • 1730

Балалар үшін жағымды жаңалық. Диснейлік «Pixar» студиясының «Лука» анимациялық фильмі, қазақ тілінде жарыққа шықты. "Nur Otan" партиясының қолдауымен қолға алынған фильмнің алдын ала көрсетілімі елордада өтті. Жоба идеясының ынталандырушысы – «Болашақ» қоры Қамқоршылық кеңесінің құрметті мүшесі, "Nur Otan" партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек. Кеңес мүшелері шетелдік туындыларды қазақшаландыруға әрі қарай да мүдделі екендерін жеткізді.


"Уолд Дисней" - көрермендерін таңдандырудан жалыққан емес. Олардың кезекті туындысы «Лука», "Болашақ" корпоративтік қорының қолдауымен қазақ тілінде дубляждалды. Бұл мемлекеттік тілде дыбысталған 37-ші фильм. Тылсым сюжетке толы туындының айтар ойы да, тәрбиелік мәні де өте зор.


Динара ШАЙЖҮНІСОВА, "БОЛАШАҚ" КҚ ҚАМҚОРШЫЛЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ:

Бұл туынды балаларға ғана емес, ересек адамдардың да жүргенінен орын алады деп ойлаймын. Анимациялық туынды таңғажайып сәттерге құрылған. Жас талантты актерлер де барынша сәтті өнер көрсетті деп толық айта аламын. Мұндай аудармалар арқылы біз отандық көрермендергі үлкен мүмкіндік сыйлаймыз.


Дубляж кастингіне 32 актер қатысты. Мамандардың айтуынша, дыбыстау кезінде мәтін тек аударылып қоймай, ұлттың менталитеті ескерілген. Тіпті, қазақи сөз тіркестерімен қоса жастар арасында трендке айналған «Жұмабектің бажасы», «42500 теңге» сынды қалжыңдар да ұтымды қолданылыпты. Ал, басты рөлді дыбыстаған Бағжан Нартайұлы болашақта үлкен белестерді бағындырсам деген арманы барын жеткізді.


Бағжан НАРТАЙҰЛЫ, ЖАС АКТЕР:

Қиын болған жоқ. Луканы сомдадым. Біріншіден қобалжу болды. Маған қатты ұнады.


«Биыл «Болашақ» қоры мен «Өзіңнен баста» фильмдерді дубляждау жобасына 10 жыл толды. Аталған жоба әрбір қазақстандықтың ана тіліндегі жоғары сапалы шетелдік киноконтентке қолжетімділік құқығын іске асыруға септігін тигізуде. Алдын ала көрсетілімге қауымдастық Кеңесінің құрметті мүшесі, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов те қатысты.


Алтай КӨЛГІНОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Өздеріңіз білетіндей, Елбасы мемлекеттік тілді дамыту үшін, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап еңбек етіп келеді. Президент ана тілімізге ерекше көңіл аударып, мемлекеттік дәрежеде қолдау білдіріп келеді. Сондықтан «Болашақ» Қорының «Өзіңнен баста» жобасы — қазақ тілінің дамуына қосқан зор үлесі.


«Лука» – итальялық жас режиссер, «Оскар» сыйлығына үміткер Энрико Касаростың дебюттік таспасы. Картина әлемге әйгілі композитор Эннио Морриконды еске алуға арналған. Итальялық Ривьераның ең жарқын әсем пейзаждары, кейіпкерлердің жігерлі де қызуқанды мінез-құлқы ешкімді бейжай қалдырмайды. Айта кету керек, «Лука» – бұл BI Group құрылыс холдингінің демеушілігімен дубляждалған 12-фильм.


Ғ. Өтемісов