Қарағандыда үш бірдей жұп Конституция күні неке қиюға тілек білдірген. «Шаңырағымыз ата заңдай берік болсын!»,-деп ырымдаған патриот жастар бүгін мерекеге орай «Достық» үйінде өткен салтанатты шарада үйленді. Ал дәл мереке күні отау құрғандарына 50 жыл толған алтын той иелері жас жұбайларға ақ батасын берді.
Мария Рембе:
Біз шілде айында осы Конституция күнін таңдадық. Некеміз тұрақты болсын деген тілекпен, әрине. Ата заңға сай тең және бейбіт өмір кешеміз деп сенеміз.
Мыңкен Смағұлов:
Өте
қымбат мереке. Өйткені біздің биыл үйленгенімізге 50 жыл болды. Соған орай
шөберелі болдық. Біз де барша халқымызды осы үлкен мерекемен құттықтаймыз.
Еліміз өркендеп, өсе берсін. Балалар бақытты болып, тек қана жақсылық, қуанышта
өмір сүруге жазсын.
Салтанатты
шарада Ата заң туралы деректі филім көрсетілді. Отбасының әрбір мүшесінің
құқығын қорғап, өсіп-өніп дамуына мүмкіндік беретін құжаттың маңыздылығы
айтылды. Мереке күні 16 жасқа толған 8 қарағандылық жасөспірім жеке бас
куәлігін алды. Аймақтың қоғамдық өміріне белсене араласқан еңбекқор азаматтар
да назардан тыс қалмады. Облыс әкімі Ерлан Қошанов 5516 әскери бөлімінің жедел
уәкілін ҚР Қарулы күштеріне 25 жылымен құттықтап, медальмен марапаттады. Ал, соңғы бір жылда табысты еңбек еткен 4
азаматқа аймақ басшысының Құрмет грамотасы табысталды.
Ерлан Қошанов, Қарағанды облысының әкімі:
Әлемдегі
ең жас болып саналатын біздің Конституция Елбасының саясатының арқасында
мемлекеттің, жалпыхалықтың қорғанына айналды. Ата заңымыз уақыттың сынынан
сүрінбей өтіп, өзінің заман талабына лайықтылығын жан-жақтылығын дәлелдеді. Бұл
бекерден айтылған сөз емес. Зерттеушілердің пікірінше, Қазақстан Конституциясы
әлемдегі жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін ең үздік 50 конституцияның
бірі болып саналады екен. Бұның өзі Ата заңымыздың үлкен әлеуетін білдірсе
керек.