Русский Сайттың толық нұсқасы

Елордада көпқабатты тұрғын үйдің сыртқы қаптамасы түсіп жатыр

  • AstanaTV
  • 21 маусым 2021
  • 1601

Елордада салынғанына 10 жыл ғана болған көпқабатты тұрғын үйдің қабырғасы қақырап, сыртқы қаптамасы опырылып түсіп жатыр. Тұрғындар "бір күні үйіндінің астында қалмаймыз ба?" деп қауіптенеді. Сондықтан олар дабыл қағып, құзырлы орындардан көмек сұрауда. Біздің редакциямызға да хабарласты. Тілшілеріміз ол үйге барды, жағдайды көрді, тұрғындардың тілегін тыңдады.

Бұл - Ықылас Дүкенұлы көшесінің бойында орналасқан «Шаңырақ» тұрғын үй кешені. Мұндағы тұрғындар күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылдық дейді. Айтуларынша тозығы жеткен ғимараттың қаптамалары сына бастаған. Қабырғалардың сылағы түсіп, сызаттар пайда болған. Баспалдаққа қаланған кірпіштер үгітіліп жатыр.

Аягөз ЕСМАТ, ҮЙ ТҰРҒЫНЫ:

үйдің фасады өте қауіпті, өйткені балалар көп, жас отбасылар өте көп. Әсіресе балабақша болғаннан кейін балалар көп келеді. Сондықтан көбісінің ата-аналары қорқады, бастарына тиіп кетеді ма, құлап кетеді ма, әсІресе желді күндері.

Гүлнар ҚОҚАНОВА, ҮЙ ТҰРҒЫНЫ:

Үйді салғанда, тапсырғанда осы мәселесін көріп білді ғой, +көрмейсіз бе бәрі шашылып құлайды, қатты жел болғанда мыналардың бәрі төмен түсіп құлап кетеді.

Көп қабатты үйде пәтер иелері коперативі жоқ. Мүлік иелерінің бірлестігіне мүше. Бірақ ол бірлестік, тұрғындардың айтуынша, үйдің кем-кетігін түгендеуге, бұзылғанды қайта жөндеуге шамамыз жоқ дейтін көрінеді. Сондықтан жұрт қаражат жинап, кейбір мәселелерді өздері шешуге тырысуда.

Әсем МЫЛТЫҚБАЕВА, ҮЙ ТҰРҒЫНЫ:

Біз өзіміз қалтамыздан тұрғындар жиналып, подъздерге ремонт жасап жатырмыз. Енді фасадқа біздің ремонт жасайтындай жағдайымыз келмейді.

Ал, жауаптылар бұл тұрғын үйдің жекеменшікке өткенін айтады. Сондықтан үйдің сапасына да, ондағы кемшіліктерге де жауапты емеспіз дейді.

Андрей МАРЧЕНКО - САРЫАРҚА АУДАНЫ ХАЛЫҚТЫ ҚАМТУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Қазіргі таңда көпқабатты үй апатты деп танылмайды, егерде тізімде болған жағдайда үйді бұзу туралы бұйрық шығушы еді. Техникалық байламға келсек, үйдің қасбет қабырғаларын жөндеу туралы бекітілген. Бүгінгі күні тұрғындар өз қаржыларына не болмаса мемлекеттік бағдарлама арқылы жүгіне алады, басқа мүмкіндік жоқ.

Демек, салынғанына небәрі 10 жыл болса да тоз-тозы шыққан баспананың мәселесі әзір шешілмейтін секілді. Тұрғындардың ақша жинап, баспананың сыртын қаптауға шамасы келмейді, сондықтан олар "енді бар үміт - мемлекеттік бағдарламада" дейді.

Б. Сатуов