Елордада көп балалы отбасы баспаналы болды. 10 жылға жуық жалдамалы пәтерде күнелткен үйелмелі-сүйелмелі жанұяға қалалық мәслихат депутаты қолдау көрсетіп, 4 бөлмелі пәтердің кілтін табыстады. Көңілі кеңге жайылған отбасының қуанышымен әріптесім Ғалымжан Өтемісов бөлісіп келді.
Сәнден Қорғанбаеваның қуанышында шек жоқ. Осыған дейін ол пәтерден пәтерге көшіп-қонып шаршаған. Қысқа жіп күрмеуге келмеген соң жалғыз басты ана жомарт жандардан көмек сұрауға мәжбүр болыпты. Көпбалалы Сәнденнің сөзін жерге тастамаған елордалық депутат бас қаланың қақ төрінен 4 бөлмелі пәтерді сыйға тартты. Оған қоса баспанаға жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 3 миллион теңге берген.
Сәнден ҚОРҒАНБАЕВА, КӨП БАЛАЛЫ АНА:
Өздері хабарласты. Келіп көріп, бәрімізді қуантып, алдымен подаркасын әкеліп берді. Кейін пәтер беретіндерін айтты. Барлығымыз мәз болып қалдық.
Қайырымдылық - қайырлы іс. Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының депутаты, «Nur Otan» фракциясының мүшесі, кәсіпкер Ғабит Сатмағамбетов осылай дейді. Ол жеке қорынан соңғы бірнеше жылда 200-ге жуық отбасына пәтер үлестіріпті. Алдағы уақытта да бұл игі істі жалғастырамыз дейді.
Ғабит САТМАҒАМБЕТОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, «NUR OTAN» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Қорға көптеген өтініштер келіп түседі. Барлық ақпараттарды тексеріп, шын мұқтаж екені анықталған азаматтарға барынша көмек беруге тырысамыз. Әсіресе, көп балалы отбасыларға. Халықтың мұң-мұқтажын ескеру біздің басты міндет.
Көп балалы ананың басты тілегі орындалды. Енді ол балаларының болашағына алаңдамайды, тек енді олардың сапалы білім, саналы тәрбие алуына жағдай жасаймын дейді.
Ғ. Өтемісов