Ерекше балаларға ерекше қамқорлық. Нұрсұлтан Назарбаев Қорының директоры Дариға Назарбаева Атыраудағы әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты. Әсіресе ерекше қажеттіліктері бар балаларды оңалту мен білім алуына жасалған жағдайға назар аударды.
Бұл - облыстық балалар ауруханасы базасындағы оңалту орталығы. 50 балаға арналған. Биыл Тұңғыш Президенттің «Қамқорлық» қорының бастамасымен ашылды. Содан бері 315 бала тиісті ем-дом қабылдаған. Қала тұрғыны Тотия Жұмағалиева "оңалту орталығы үзіліп бара жатқан үмітімізді жалғады",- дейді.
Тотия ЖҰМАҒАЛИЕВА, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Балам Тұрсынбек осыдан біраз жыл бойы жүрмеген бала. осы ақ халатты жандардың арқасында жүрді. Мың да бір рахметімді айтамын. Орталық балаларды жақсы емдейді. Массажы бар, парафині бар.
Гүлбазар СӘРСЕНБАЕВА, АТЫРАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Баланың диагнозы ДЦП. Қазір жасы 15те. 3 жылдан бері балдақпен жүреді. Оған дейін коляскада болған. Емнің арқасында балам нәтиже көріп жатыр.
Мұнда туа бітті мүмкіндігі шектеулі, сондай-ақ тірек-қимыл жүйесі, жүйке жүйесі зақымданған балалар мен жасөспірімдерге тұрақты түрде ақысыз кешенді медициналық, психологиялық және педагогикалық көмектер көрсетіледі. Дариға Назарбаева орталықта ем алып, аяғын тәй-тәй басқан бүлдіршіннің тұсауын кесті. Тағдырдың қиындығымен арпалысып жүрсе де балақайлардың талабы таудай. Жүздері жарқын, өмірге деген құлшынысы ерекше.
Атырау қаласында ерекше балаларға арналған 5 инклюзивті сынып ашылған болса, оның екеуі «Қамқорлық» қорының қолдауымен жұмыс бастаған. Сонымен қатар, облыста 120 орындық мамандандырылған балабақша бар. Қаладағы 62 мектеп Инклюзивті білім беру жүйесі қосылған.
Фаруза ШАНГЕРЕЕВА, АТЫРАУ ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
1126 ерекше білімді қажет ететін бала бар. Олардың диагноздары әртүрлі. Есту қабілеті тежелген, көру қабілеті тежелген, сонымен қатар ДЦП балаларымыз бар. Олардың бәрі жәй сыныптарда отыр. Және де олардың оқу бағдарламасы жеңілдетілген. Олардың бәрі сабақпен қамтылған. 234-і үйден оқиды
Мұнан соң Дариға Назарбаева қаладағы «Маленькая страна» қоғамдық қорынын жұмысымен танысты. Онда балаларды оңалтуға 15 ит пен 20 жылқы пайдаланылады. Қор жетекшісі Ерлан Күмісқалиев маман тапшылыгы мен қаржыландыру мәселесі әлі түбегейлі шешілмей тұрғанын айтты. Соның салдарынан қазір мұнда тек 20 бала ем қабылдауда. Дариға Назарбаева қорға қолдау көрсетілетінін айтты.
Б. Надирқызы