Қызылжарда туған нағашыларын қырып тастаған қаскөйге қатысты сот процесі басталды. Еске салайық, жаға ұстатарлық оқиға Петропавлдағы жеке үйлердің бірінде болған. 30 жастағы Алматы тұрғыны Қызылжардағы туысқандарына түнде келіп, 3 адамды қан-жоса етіп пышақтап тастаған еді. Алған дене жарақаттырынан 48 жастағы әйел мен 89 жастағы кейуана көз жұмды. Ал үшінші жәбірленуші — 29 жастағы жігіт бір ай бойы төсек тартып жатып, тиісті ем алып, аман қалған болатын. Бүгін бұл жантүршігерлік іске қатысты алғашқы сот отырысы өтті.
Дулат ЖАНАҚОВ, ПРОКУРОР:
Айыпталушы туысқандарының үйінде үлкен көлемде ақша бар екенін біліп, тонап кетуі үшін екі немесе одан да көп адамды өлтіруге барды. Ғабдуллин туысқандарының үйіне бұған дейін келген кезде қай бөлмеде құнды заттар мен ақша жатқанын біліп алды. Соны ұрлап алу үшін осы қылмысқа барды.
Айыпталушы бұл ісін жұмыссыз қалып, белшеден қарызға батқандығымен түсіндірді. Ол өз кінәсін мойындап отыр.
АЙЫПТАЛУШЫ:
Мен өз кінәмді мойындаймын. Бірақ бұл қылмысты әдейі жасамағанымды айтқым келеді. Солай болып қалды.
А. Құрманкин