Русский Сайттың толық нұсқасы

Оқушыларға да вакцина салу жайы қарастырылып жатыр

  • AstanaTV
  • 30 маусым 2021
  • 3001

Оқушыларға да вакцина салу жайы қарастырылып жатыр. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов айтты. Әзірге   шешім қабылданған жоқ. Оның үстіне, екпе өндірушілерден  ондай өзгеріс келіп түспеген. Десе де Еуропа елдері мен Израильде жастарды вакциналау науқаны жүріп жатыр. Шаһар басшысы тағы қандай жаңалықтарымен бөлісті? Жемқорлықтың ескерткішіне айналған LRT құрылысы басталғаны рас па? Әріптесім Асылбек Данияр тарқатып айтады.

Педагогтар 100 пайыз вакцина алса, мектептер ашылады. Халық алдында есеп берген елорда әкімі осыны жеткізді. Ал, медициналық қарсы көрсеткіші бар мұғалімдер науқанға тартылмайды. Қазірдің өзінде 60 пайыздан астам білім беру саласының қызметкерлері препаратты қабылдап үлгерген.

Алтай КӨЛГІНОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Балалар мектепті сағынды, ата-аналар да. Онлайн оқыту әдеттегі білім беруден өзгеше болды. Әрине, мұғалім мен оқушының бетпе-бет сабақ өткенін жетпейді. Біз президенттің тапсырмасына сәйкес осыған дайындалып жатырмыз. Ең алдымен, бұл үшін не істеу керек: барлық педагогикалық құрам екпе алуы керек. Бұл жұмыс белсенді түрде жалғасуда.

Астана күніне орай отшашу болмайды. Бас санитарлық дәрігердің жаңа қаулысына сәйкес, жоспарланған іс-шаралар онлайн форматқа ауысты. Ал, мереке күні көптеген отбасын тосын сый күтіп тұр.

Алтай КӨЛГІНОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Үй кезегінде тұрған азаматтарға 400 пәтер береміз. Үлескерлердің көппәтерлі тұрғын үйлерін де пайдалануға береміз. Тұрғындарымызға 50-ден астам жайлы үй жалдаймыз. Ал, зағип балаларға арналған балабақша сол күні ашылатын болады.

Қалаға көріксіз бейне беріп тұрған, көпшілік арасында "жемқорлық" символы аталып кеткен атышулы LRT туралы да сөз болды. Тоқтап қалған құрылыс қайта жанданды. Бірақ  жұмыстың қаржылық жайдайы шешілмеген. Алтай Көлгіновтің айтуынша, қазір жобаны аяқтау үшін шамамен 1 миллиард   доллар қажет.

Алтай КӨЛГІНОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Бастапқыда 2,6 миллиард доллар көлемінде болды. Біз оны 800 миллион доллардан астамға қысқарттық. Олар сонымен бірге біраз ақша үнемдеді. Яғни, қазір бізге қаржы тарту үшін шамамен бір миллиард доллар қажет. Оның ішінде жобаны аяқтау бар, вагондар бар, рельстер бар, қысқасы барлық инфрақұрылымды жатқызуға болады.


Әкім қалада  әлеуметтік жобалар нәтижелі жүзеге асырылып жатқанын айтты.  Биыл жыл соңына  дейін 600 мұқтаж отбасы баспаналы болады.    
 
А. Данияр