Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстандық кәсіпкерлер жер учаскелерінің мақсатын өзгерте алмай жүргендерін айтып арнамызға шағымданды

  • AstanaTV
  • 30 маусым 2021
  • 1782

Қазақстандық кәсіпкерлер жер учаскелерінің мақсатын өзгерте алмай жүр. Ауыл туризміне сұраныстың артуына байланысты олар өз иелігіндегі аумақтарды қайта жаңғыртып, жаңартып, саяхатшыларды қабылдағысы келеді. Бірақ оған жергілікті әкімдік рұқсат бермей, заңға сілтеп отыр. Айтуларынша, ауылшаруашылығы мақсатындағы жерде экотуризмді дамытуға тыйым салынған. Ал оны бұзған адам айыппұл төлейді екен. Бұл ішкі туризмді тұсаулап отыр дейді туризм қауымдастығының өкілдері.   

Кәсіпкер Данияр Ұнғаров Алматы облысындағы жер телімін екі жыл бұрын алған. Ауыл туризімін дамытпақ болып онда спорттық кешен салуды жоспарлаған. 800 адамға арналған қонақ үйдің де жобасын сызып қойыпты. Бірақ оны жүзеге асыруға шенділер кедергі келтіріп отыр дейді ол.

Данияр ҰНҒАРОВ, КӘСІПКЕР:

Қазіргі проблема жер телімінің мақсатын өзгерте алмауымда. Шаруа қожалығынан туризмге ауыстыруға мүмкіндік жоқ.  Талғар аудандық әкімдігіне барып жағдайды айттық. Олар оны ауыстыруға үзілді-кесілді қарсы болып отыр.
 
Яғни, бұл жер ауыл шаруашылығы мақсатына арналған. Оны басқа бағытқа пайдалану мүмкін емес. Бірнеше кедергі бар. Оның бірі- ауылшаруашылығы өндірісі шығыны үшін өтемақы. Мұны төлеуге кәсіпкерлер қарсы емес. Бірақ мұнан да басқа кедергі бар дейді Данияр Ұңғаров.

Данияр ҰНҒАРОВ, КӘСІПКЕР:

Әкімдік алдында рұқсат берді. Кейін бұл жердің құнын есептеп шығарды. Құны 2 миллион теңгеге жуық шықты. Оны төлеуге біз дайын едік. Бірақ кейін олар айнып қалды, Талғар аудандық прокуроры наразылық танытты деп.
 
Соңғы кезде дәл осындай мәселемен кәсіпкерлер жиі жүгінеді дейді Туристік қауымдастығы. Сонымен қатар, билік бизнесмендерге туристік пунктті тұрғызғандары үшін айыппұл тағайындаған. Биліктің бұл ұстанымы отандық туризмнің дамуына және ел экономикасына кедергі келтіреді дейді. Қазіргі уақытта Қазақстанда ауыл туризміне сұраныс өте жоғары.

Рашида ШАЙКЕНОВА, ҚАЗАҚСТАН ТУРИСТІК ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Кәсіпкерлер бұл арқылы шетелдік туристерге біздің қонақжайлылығымызды көрсете алатын еді. Киіз үйлер тігіп, түрлі ұлттық тағамдарымызды ұсынса елде туристер саны көбейеді. Жер телімінің мақсатын өзгерту бір күрмеленген мәселе болды.

Мақсатты өзгерту тетіктері мүмкіндігінше тезірек шешілуі керек, - дейді Қауымдастық мүшелері. Олар өз ұсыныстарын Үкіметке жолдаған. Бірақ әлі жауап жоқ. Сарапшылардың айтуынша, туризмнің бұл түрін дамыту аймақтардағы инфрақұрылымды жақсартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, елдегі жұмыссыздықты азайтуға көмектеседі. Кәсіпкерлердің әрқайсысы бірнеше ондаған адамды жұмыспен қамтуға дайын.

А. Базарбай, Ә. Лесбек