Елорда тұрғыны Мұрат Қощанов алаяқтарға алданып, баспанамнан айырылғалы тұрмын дейді. 2018 жылдан бері әділдік іздеп, құзырлы орындардың табалдырығын тоздырдым деген қария біздің редакциямызға хабарласты. Мәселенің мән-жайын тілшіміз Ақбота Базарбай анықтап көрді.
72 жасар зейнеткер үйінде 5 жыл бөлме жалдап тұрған әйелдің құрығына түсіп қалдым дейді. Айтуынша, ол әйел сеніміне әбден кіріп, қарияға пайызсыз ақша алып беремін деп, үйін кепілге қойған. Кейін қомақты қаражатты алып, тайып тұрды дейді.
Мұрат ҚОЩАНОВ, ЗЕЙНЕТКЕР:
Звондайды. Аға, көмектесші. Міне инвестиция келейін деп жатыр, ақша келейін деп жатыр, сізге де көмектесем. Сіз енді бірдене қылып тауып беріңіз маған, қысылып жүрмін деп ақшадан. 500мың безпроцентный кредит инвестиция келгенде, ақша алып беремін деп сендірді мені. 7-10 жылға без процентный. Соған мен сеніп қалдым.
Жәбірленуші ол әйел басқа адамдардан да үлкен көлемде қарыз алып, қайтара алмаған соң мені құрығына түсірді,- дейді. Бірақ оны қолында дәлелдері болса да дәлелдей алмай жүр.
Қарияның айтуынша, әйел күдік тудырмас үшін, өзі де басқаларға алдандым деп жалтарып, мәселені шешуге талай рет сөз берген.
Осыдан кейін мүлдем іс-түссіз жоғалып кеткен көрінеді. Мұрат Қощанов осы дәлелді дәйектерді алып, полиция бөлімшесіне талай барған. Бірақ қылмыстық әрекет жоқ деп істі жауып тастай береді дейді.
НҰР- СҰЛТАН ҚАЛАСЫ БАЙҚОҢЫР АУДАНЫНЫҢ ПРОКУРАТУРАСЫ:
Алаяқтық фактісі бойынша Мұрат Кощановтың арызы Нұр-Сұлтан қаласы «Байқоңыр» ауданының полиция Басқармасында 15.04.2019 жылы тіркеліп, тергеп-тексерудің қорытындысымен қылмыстық істің өндірісі тоқтатылды.
Сот шешімі бойынша енді қария басындағы жалғыз баспанасын сатып, қарыз берушіге ақшаны қайтаруы керек. Алайда жәбірленушілер бұл шешіммен келіспей, апелляциялық шағым берген. Бірақ одан да түк пайда болмады дейді.
НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАЛЫҚ СОТЫ:
Нұр-Сұлтан қаласы Байқоңыр аудандық сотының үкімі өзгеріссіз қалсын.
Өзі маңдай терімен тұрғызған қара шаңырақты алаяқтардың қолына беріп қойғым келмейді деп қынжылады қария. Зейнеттің шағында, бейнетке тап болған ол енді кімнен көмек сұрарын білмей дал.
А. Базарбай