Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанай облысының 11 мың тұрғыны көгілдір отынмен қамтылады

  • AstanaTV
  • 03 шілде 2021
  • 2346

Қостанай облысында газ тартылған елді мекендер саны артып келеді. Тобыл өңірі тұрғындарының   57 проценті көгілдір отынмен қамтылған. Бүгін Әулиекөл ауданы табиғи газ желісіне қосылды. «ҚазТрансГазАймақ» акционерлік қоғамының сапалы жұмысының нәтижесінде   11 мыңға жуық тұрғыны бар өлке өркениет игілігіне қол жеткізді.

Табиғи газдың игілігін көргендердің бірі – Айжан Кеңесбаева. Ол   енді отын мен көмір тасып, күл шығару бейнетінен құтылдық дейді. Үйдегі үлкен кісілер де риза. Бұл күнді ұзақ күттік дейді тұрғындар.

Айжан КЕҢЕСБАЕВА, ӘУЛИЕКӨЛ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бұған дейін пеш жағып, үй жылыттық.Әке-шешем егде жастағы кісілер.Қиын болды. Ал газдың тартылғаны сол ауыртпалықтарды түгел жеңілдетті. Енді міне үйімізде ыстық су бар. Қыста көмір тасып қиналмаймыз.

Аудан орталығында 3 мыңнан астам абонент бар. Енді тұрғындар ауылға келіп тұрған көгілдір отынды үйге кіргізіп алуға қам жасау керек дейді өңір басшылары.   

Виктор ИОНЕНКО, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Ендігі меже аудан орталығындағы барлық әлеуметтік нысандарды газға қосу. Яғни мектептер мен ауруханалар, мәдениет үйлеріне көгілдір отын жеткізілуі керек. Мұнымен іс аяқталмайды. Тағы бірқатар жобаны жүзеге асырамыз. Мәселен Құсмұрын ауылына газ құбыры тартылып жатыр. Жобаның құны 4 миллиард теңгеге жуықтайды.  Сонымен қатар Чернигов ауылына да көгілдір отын жеткізіледі.

Игі жобаны «ҚазТрансГазАймақ» акционерлік қоғамы жүзеге асырып отыр. Компания 122 шақырымға  жуық  газ құбырын тартқан. Жобаның құны- 1,5миллиард теңге. Сонымен қатар Диев,Новоселов  ауылдарына  газ тарту жобасы жүзеге асырылмақ.Бұл мақсатқа жергілікті және республикалық  қазынадан 4 миллиард теңге қарастырылған. Биыл Әулиекөлмен қатар Қостанай, Федоров, Қамысты аудандарына қарасты елді-мекендерде де табиғи газ желісіне қосылады.  Сөйтіп аймақ тұрғындарының 60 пайыздан астамы газбен қамтылады.
 
З. Санай