Русский Сайттың толық нұсқасы

«Қой терісін жамылған...» Полицей келбеті...

  • AstanaTV
  • 02 қыркүйек 2017
  • 3527

 Осы жаздағы Жамбыл облысының жоғары шенді полицейлерінің төбелесі системада сеңнің сөгіле бастағанын көрсеткендей. Әрине, әңгіме бүгін – ертең туатын «заң диктатурасы» туралы емес. Себебі сана ол... «балама сана бере гөр» деген тілеу, ең басты тілеу екенін ана ретінде жақсы түсінемін. Төлен Әбдіктің «Оң қол» және «Парасат майданы» шығармаларын оқыңыз. Әйтсе де "қорқаулар" заманы ақырындап болса да, аяқталатын сияқты. Себебі олар өздерін өздері «талап жей» бастады. 

«ШЕФ» сериалынан үзінді:  - Я вас понял. Прокуратура поддержать вас. Вы не бросайте своих людей. Это редкость «в нашем бизнесе» - В нашем бизнесе ? - А, разве нет!

Бұл прокурор мен полиция бастығының арасындағы диалог. Кинодан алынғанымен, система аралық циркулация деген осы. Кинодағы көрініс қазіргі қоғамда да қайталанып жатқаны жасырын емес. Келмеске кеткен кеңес өкіметі кезінде милиция қызметі кәсіптің көзіне баланған болатын. Көпшілік біледі, мұны. Орақ пен балға заманында бай да, бағлан да заң қызметкерлері еді. Жазықсыз жала жабу. Тепкілеп түрмеге тоғыту. Үрейдің үлкені, әзірейілдің әйдігі – милиционер еді ғой.

«ГЛУХАРЬ» сериалынан үзінді: -Значит так, собираете нам по штуки и валите от сюда. Если нет везем в отделение и оформляем за пианное хулиганства и сопортивление сотрудникам.» 

Алайда, бүгінгі көзі ашық қоғамда да жағдай мәз емес. Полициядан парасат кеткенге ұқсайды. Погондының пайдакүнемдігі. Пендешілік пейілі. Одан қалды тәртіп сақшылары төбелесіп төбе көрсетуді шығарды. Шағын шаһар. Түнгі Тараз. Ережесіз жекпе-жек дейміз бе, еркін күрес дейміз бе?!. Әйтеуір пышақ ұстаған тараздық тәртіп сақшылары топ болып төбелесіп жатыр. Жаға жыртысқандар Жамбылдағы ІІД-нің білдей басқарма басшылары. Мұнда суық қаруды оңды-солды сілтеп жүрген облыстық экстремизмге қарсы күрес басқармасының басшысы, полиция полковнигі Мұрат Үмбеталиев.Ол өзіне қарсы келген Байзақ ауданы Халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы, полицей Марсель Жетпісбаевқа пышақ сұқты. Артынша, Жамбыл облысы криминалды полиция басқармасының басшысы Ерлан Бектұрғановты жаралайды.

- Міне, төбелесті бірінші бастаған ұрады. Анау сосын пышақтайды.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Қаланың қақ ортасында қақтығысқандар мына мен тұрған мейрамхананың маңында өзара «кім мықтыны» анықтап алмақ болған. Жаға жыртысқан жоғарғы шенділер түнгі дәмханалардың бірінде ішімдік ішіп, қызып алады. Артынша араларында алауыздық туып, әңгімелерін суық қару қолданумен шешкісі келген. Сылқия сыра ішкендердің салған сойқаны осы ғимараттың бейнебақылау таспасына түсіп қалады. Осылайша олар ІШКІ ІСТЕР департаментін  ІШКІШТЕР департаменті қылып көрсетіп берді.

Жарақат алған Жетпісбаев таңғы бестерде Тараз қалалық ауруханасына түскен. Дәрігерлер «бауырдың сол жақ бөлігінің жарақаты» деген диагноз қойған. Бектұрғановқа алғашқы көмек көрсетілді. Ал, жолдастарын жалғыз өзі жайратып салмақ болған «Бамбук» лақап атымен танымал Үмбеталиев қарулы қақтығыстан кейін қашып кетті. Жамбыл облыстық ішкі істер департаментінен өз қызметкерлерінің қылығына қатысты қандай да бір жауап алу мұң болды. Журналистерді жолатпады.

- Кешір бауырым, кіруге болмайды. Бұл саған өзіңнен-өзің кіріп-шығып жүретін жер емес.

Осылайша, аймақтың бас полицейінің алдына бару арманға айналды. Маткенов мырза қол астындағы қызметкерлерін қорғамады, ақтамады, айыптамады да. Тіпті, Ішкі Істер Министрі Қалмұханбет Қасымов та «Бамбукке» байланысты дым демеді.

Қалмұханбет Қасымов:

Үмбеталиев туралы білмеймін. Запрос жіберіңіздер.

Көп ұзамай жұдырық ала жүгіретін жоғары шенділер жылы орындарымен қоштасты. Оларға қатысты қылмыстық іс қозғалды.Қарулы қақтығысқа қатысқандардан бөлек, департаменттің кадрлық жұмыс және қызмет жөніндегі орынбасарлары да қызметтен қуылды. Ал, басшының бірінші орынбасары қатаң сөгіс алды.

Көпшілік күтпеген төбелестен кейін, көбіміз ойламаған жасырынбақ ойыны басталды. Әріптестерін суық қарумен сұлатпақ болған Мұрат мырза Жамбыл облысы аумағында жасырынып жүрді. Қашқынды құрықтау қызметтестеріне жүктелді. Осылайша, оны көргенде алыстан аласұрып «Полковник мырза, саулығыңызды тілеймін!» деп сәлемдесетін қатардағы полицейлері соңына түсті. «Құлан құдыққа құлап, құрбақа құлағында ойнап жатты». Іздеді. Із кесті. Сан соғып қалды. Сал суға кетті. Қысқасы, қылмыс әлемінде талайды түрмеге тоғытқан әккі криминалист полицейді ешкім ұстай алмады. Тек, арада 8 күн өткен соң, қашқын өз аяғымен барып прокуратураға берілді.

Қуаныш Иманғалиев, Бас прокурордың аға көмекшісі:

Ол 19-тамыз күні, күндізгі сағат 1-лер шамасында өз еркімен Шу аудандық прокуратурасына келді. Ал,Ішкі Істер Министрлігінің «Үмбеталиевті өзіміз ұстадық» деп таратқан ақпараты шындыққа жанаспайды.

Ал, осы оқиғадан кейін көпшілік «кісінің көз жасы кешірмейді» деп жатты. Неге? Не үшін олай деді? Өйткені, Үмбеталиевтің Жамбылда жазықсыз жала жабумен аты алысқа шыққан дейді. Ол облыстағы ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасын басқарып тұрған кезде қылмыс желеуімен қырғидай тиген. Оны мына бейнекадрлардан байқауға болады. Бұл алаулатып-жалаулатқан Шу ауданының тұрғындары. Айқай-шу бір жыл бұрын болған. Олар «Үмбеталиев балаларымыздың қалтасына есірткі салып түрмеге тоғытуды тоқтатсын» деп зар жылаған еді.

Майра Рысманова, Шу ауданының тұрғыны:

Мұрат деген алды да, баламды қамап тастады. Екі көлікпен келді де, ұлымның машинасы мен қалтасына анаша салып жіберді

Тіпті абақтыға айдалып бара жатқан баласына анасы араша сұрап Астанаға дейін барды. Ақыры, әділдік іздеп шыр-пыр болған шешесі шындыққа жете алмай, өз-өзін өртеп жіберді.

Данияр Әлімқұл, тілші:  

Жалпы, Жамбыл жері - 90-ыншы жылдары криминалды атағымен аты алысқа шыққан аймақ. Тарихын түртсек, Тараз - бандиттерді баулитын қылмыскер қала атанған. Қазір халық зар илеткен бұзақылардан емес, заң үйреткен полицейлерден қорқады. Ал, тәртібінен жаңылған тәртіп сақшыларының төбелесі көптің күдігін күшейте түскендей.

Ал, 3-ші тамыз күні Керекудегі сақшылар салған сойқан елді естен тандырды. Қараңыз, павлодарлық полицейлер кафе келушілерін ұрып-соғып жатыр. Тәртіп сақшыларының тепкісіне қалғандар қарсылық көрсетпесе де, погондылар таяқтауын тоқтатар емес. Осылайша әлеуметтік желіде әйдік болған әмбебап полицейлердің әрекетіне байланысты прокуратура тергеуі жүріп жатыр. Төбелеске қатысы бар 4 полицейдің бірі қазір қамауда.

Айзада Бекпенбетова, Мәртөбе тұрғын алабының тұрғыны:

Полицейлерге сенім жоқ, мысалы, олар қағып кетеді, құтылып кетеді. Біз сияқты қарапайым адамдар қаламыз, баламен, мүгедек болып.

Ал, бұл шымкенттік полицейдің «шумахерлік» қылығына шамданған тұрғын. «Мәртебелі» полицей Мәртөбе массивінде жантүршігерлік жол апатын жасаған. Ол Сайрам аудандық ішкі істер бөлімінде әжептәуір бастық болып істейтін Жандос Оразалиев деген ресми емес ақпарат шығып, кейін расталды. Полицей жаяу жүргіншілер жолында өтіп бара жатқан бүтін бір отбасы мүшелерін қағып кетті. Отағасы бақилық болды. Ал ана мен бала ауруханада.

Кей полицей тіпті адамдардың төбелесіне араша болып, ажыратудан қалған. Мына әуесқой түсірілім Алматыда болған. Жол сақшысы екеудің төбелесін тоқтатудың орнына бейқамдықпен басқа шаруасымен басы қатып жүр. Кейін осы қылығы үшін жұмыстан қуылыпты. Қош делік. Иә, бәрі бірдей емес. Павлодар облысының сақшылары ақпан айында жиырма шақты жеткіншекті жол апатынан құтқарды. Жүйіткіген жүк көлігі автобусты бетпе-бет соғар сәтте сақшылар қызметтік көлігін Камаздың алдына көлденең қойып, бөгеді. Бастарын бәйгеге тігу арқылы оқушылар мінген автобус апаттан аман қалды.

Тараз. 2011 жыл,12-ші қараша. Құзырлы орган қызметкерлері үшін қаралы күн. Тәртіп сақшыларын табанынан тік тұрғызған теракт осы. Қандықол қылмыскер - Мақсат Кариев. Терорды тоқтатпақ болған тәртіп сақшысы Ғазиз Байтасов жанкештімен бірге жарылып кетті. Жеті адамның өмірін жалмаған лаңкестік оқиғада көзсіз ерлік көрсеткен Байтасовқа Халық Қаһарманы атағы берілді. Ол ақырғы рет аманатқа адалдығын көрсетіп кетті.

Ал бұл Тараздағы тәртіп сақшысы Бауыржан Байсейiтов. Ол әріптесі Ринат Серкебаев екеуі өз өмірлерін өзгелердің амандығы үшін айырбастауға барды. 2 жыл бұрын«Қаржы басқармасы» қызыл жалынның құрсауында қалған. Құтқарушыларды күтіп үміттері үзілген адамдар биіктен секіріп жатты. Не істемек керек? Осы кезде қос полицей түтінге тұншықса да 280 адамды өрттен аман алып шықты. Ал, Ішкі Істер Министрлігі екеудің ерлігін ескермепті. Марапат та, медаль да жоқ. Бермеген. Мейлі, Бауыржандай батыл жігіттер халықтың алғысын арқалап жүр. Ал, жас сержанттар аға буын өкілдерінің төбелесіне не дейді? Балықтың бастан шірігені жас буын полицейлерге қалай әсер етті? Сұрап көрдік.

Бауыржан Байсейiтов, Тараз қ. ІІБ Жол патрульдік полиция батальонының полицейі:

Бізге ол кісілер басшылық етті. 15-20 жыл осы салада тер төкті. Қателіктерін кінәлап, анау-мынау деп айыптай алмаймын. Өйткені, мен ол жерде болған жоқпын. Ал, олардың әрекеті Қазақстан полициясының абыройын түсірмейді. Өйткені, полицей алдымен адам. Ал, адам баласында түрлі бақытсыздықтар болып тұрады. Қазір біреу біреуге күлетін заман емес.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Шекпенiнде құндызы, шенінде жұлдызы бар полицейлердің пендешілігі қашанғы қайталанады? Қоғам-қой терісін жамылған қасқырлардан қажыды. Жұрттан жасырарымыз жоқ.Пышақ сілтеніп өткендей, болған іс болды. Бірақ, бұл біздің жығылғанға жымиғанымыз емес. Сүрінгеннен сабақ алу. Біздің уақытта көптің көзі ашық. Заң орындаушы да, заңқой да бар. Ала таяғынан айырылған полицейлер абыройынан айырылмаса дейміз. Бомбаны бауырына басып өлген Байтасовтың әріптестері жаман болмауы тиіс.

«ШЕФ» сериалынан үзінді: ПРОКУРОР: Вы, я, мы вместе – власть! Неприкасаемые. ПОЛИЦЕЙ: Неприкасаемых у нас нет! 

Данияр Әлімқұл, Дәулетбай Нұрмахан «Біздің уақыт».