Русский Сайттың толық нұсқасы

12 жастан асқан балаларға вакцина салынуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 16 шілде 2021
  • 4546

Вакцинаға тапшылық басталды. Коронавирусқа қарсы салынатын "HayatVaс" екпесі тек Маңғыстау облысында ғана бар. Отандық препараттың қоры да мәз емес. Республика бойынша тек 3000 доза қалған.  Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы осындай ақпарат айтты. Сұранысқа ие екпелер елге қашан жеткізіледі? Балаларды вакциналау   қашан басталады? Әріптесім Асылбек Данияр көпті толғандырған сұрақтарға жауап іздеп көрді.

Коронавирусқа қарсы екпе енді балаларға да салынуы мүмкін. Бұл қатарға тек 12 мен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер кіреді. Қазақстан бойынша олардың саны 2 миллионнан асады. Жыл басынан бері 31 мыңнан астам бала қауіпті вирусқа шалдыққан.  Жоспар бойынша америкалық "Pfizer" вакцинасы егіледі. Айжан Есмағамбетованың айтуынша, дәрілік препарат жылдың төртінші тоқсанында   жеткізіледі.

Айжан ЕСМАҒАМБЕТОВА, ҚР ДСМ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бүгінде әлемде қолданылатын барлық вакцина 18 жасқа дейінгі балаларға қолданылмайды. Дегенмен, басқа елдерде "Pfizer" 12 жастан асқан балалар салынып жатыр. Сондықтан біз қазіргі таңда балаларға вакцина салу жайын қарастырудамыз. Елде тарап жатқан "дельта" штаммын балалар  жиі жұқтырып жатқанын көріп отырмыз. Бірақ бұл, тек ата-ананың рұқсатымен жүзеге асырылады.

Елде ресейлік "Sputnic V" мен қытайдың "CoronaVac" екпесі ғана қолжетімді. Отандық QazVac-тың тек 3 мың дозасы қалған. Министрлік тапшылықты жоямыз, келіссөздер жүріп жатыр дегеннен басқа нақты уақытын айта алмады. Десе де, ресейлік тағы бір препарат жақын күндері әкелінуі мүмкін.

Ержан БАЙТАНАЕВ, ҚР ДСМ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Бұл вакцина бір дозалы вакцина. Бұл вакцинаны кез келген азаматымыз елге жеткізілгеннен кейін салдыруға құқығы бар. Вакцинаның тиімділігі 80%-ды құрайды. Кейбір азаматтарымыз екі рет салғызғысы келмесе, осы Спутник Лайт вакцинасын салдыруға болады.

Өзге елдермен бірге ел билігі зиянды деп бас тартқан AstraZeneca вакцинасын алдыруға Қазақстан тарапы қайтадан келіссөздер жүргізіп жатыр.   

Ержан БАЙТАНАЕВ, ҚР ДСМ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Бірақ қайта жүргізу бойынша, жұмыстарды бастауға әрі қарай клиникалық тексерулердің нәтижелерін көруге бізде жұмыстар бойынша қызығушылық болып жатыр.

Індет өткен аптамен салыстырғанда 2 жарым есеге өскен. Өкінішке орай, өткен тәулікте COVID-19-ға шалдығудың тағы да антирекорды тіркелді. Бұл апта басталғалы 4-нші жағдай. Аурушаңдың барлық өңірде өршіп тұр. Ал, вирус жұқтырудың тәуліктік жағдайы маусымға қарағанда 4 жарым есеге артқан.  Эпид ахуалды бағалау матрицасының "қызыл" аймағында 13 өңір орналасқан.  4 миллион 700 мыңдай адам вакцинаның 1 компонентін салдырған. Жалпы екпеден соң 3200-дей тұрғын коронавирусты қайта жұқтырған.

А. Данияр