Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанда пандемия кезінде бала туу көрсеткіші артты

  • AstanaTV
  • 23 шілде 2021
  • 2357

Елімізде бала туу көрсеткіші артқан.  Пандемия кезінде өмірге келген сәбилер саны былтырғымен салыстырғанда 8 пайызға көп.   Бұл -арнайы зерттеу орталығының дерегі. Биыл бірінші тоқсанда елімізде 100 мың-нан астам бала дүниеге келген.  

2019 жылы елімізде "карантинге дейінгі" кезеңде бар болғаны 91,9 мың бала дүниеге келсе, 2020 жылғы бірінші тоқсанда 92,7 мың сәби дүние есігін ашқан. Жалпы елдегі бала туу деңгейінің көтерілгені 2020 жылы байқалған. Жыл ортасында 116,7 мың сәби туылса, жыл аяғында 111,7 мың бала өмір есігін ашқан. Бұл оның алдындағы жылмен салыстырғанда 9,5 пайызға көп. Нәтижесінде, 2020 жылы елде 425 мыңнан аса қазақстандық дүниеге келді.

Ал ұлыбританиялық ғалымдардың айтуынша, COVID-19   әлемде жетімдер мәселесін едәуір ушықтырған.  Зерттеу нәтижесінде   пандемияның алғашқы 14 айында 1 миллионнан астам бала ата-анасының бірінен немесе екеуінен де айырылғаны анықталды.  Тағы шамамен 500 мың бала бірге тұрған ата-әжесінен айырылған. Әсіресе, Перу, Оңтүстік Африка, Мексика, Бразилияда жағдай қиын. Бұл елдер короновирусты жұқтыру және өлім көрсеткіші бойынша алдыңғы қатарда.  Ғалымдар вирустың жаңа штамдарының таралуы және вакцинацияның баяу жүруі жетім балалар санының әлі де өсуіне әкелуі мүмкін екенін айтады.


А. Базарбай