Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматы тұрғыны 13 жасар өгей қызын өлтірді деген күдікпен ұсталды

  • AstanaTV
  • 26 шілде 2021
  • 2129

Алматы іргесінде 13 жастағы қызын өлтірді деген күдікпен, өгей әкесі қамауға алынды. Бұл туралы бүгін Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Берікқызы онлайн-брифингте хабарлады. Зорлық-зомбылық белгілері бар жасөсрімінің денесі 23 шілде күні Талғар қаласындағы жер үйлердің бірінен табылған.

Шұғыла БЕРІКҚЫЗЫ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІЛІГІНІҢ ӨКІЛІ:

Белгілі болғандай, ер адам қыздың анасымен азаматтық некеде тұрған екен. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында оқиға орнынан жасырынған күдіктіні Алматы қаласының аумағында Алматы облысының криминалдық полиция қызметкерлері ұстады.Қазіргі уақытта ұсталған ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Министрліктің мәліметіне сүйенсек, ел ішінде кәмелетке толмағандарға жасалатын қиянаттың 70%-дан астамын балалардың жақын адамдары: яғни өгей ата-аналары, туыстары, көршілері, таныстары жасайды. Осыны еске салған мамандар, балаларды қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Ересектердің жауапсыздығынан Нұр-Сұлтанда өткен тәулік ішіне 3 бала, көпқабатты тұрғын үйлердің терезесінен құлап кеткен. Соның бірі - көлік үстіне түскен. Полицияның дерегінше анасы, демалыс орнына тынығуға кеткен. Ал балғынды бала күтушіге қалдырған көрінеді. Бала күтушісі ұйықтап кеткен сәтті пайдаланып, бүлдіршін терезе алдына шыққан. Айта кетейік, елордада жыл басынан бері 18 бала көпқабатты үйлердің терезесінен құлап, бір бала мерт болды.

Б. Сатуов