Теміртауда бұрынғы металлург экзотикалық жәндіктер өсірумен айналысады. Өрмекші, шаян, қоңыздар мен сколопендрлердің 50 ден астам түрін жинап үлгерген. Шахтада 13 жыл жұмыс істеген Сергей Маляровтың коллекциясында мәрмәр тарақан, шаян, қарақұрттар да бар. Сергейге жұбайы Лидия жәрдемдеседі. 25 жыл шаш қиған шаштараз әйел енді күйеуімен бірге жәндік аулайтын болыпты. Екеуі мына бунақденелілерді 4 күн бойы Қызылқұмның шөл даласынан теріп, әкелген.
Сергей МАЛЯРОВ, КӘСІПКЕР:
Олардың сыртқы қабықшалары ультра сәулелер сияқты қызықты. Түнде жарықпен келе жатсаң шаян шағылыса қалады. Қазақстанда шаяндар популяциясы өте көп. Олардың уын жыландікі секілді фармакологияда қолданады. Оны да іске асырып көргім келеді.
Экспонаттардың көбі Ресейден әкелінген. Ерлі-зайыптылар бұл бизнесті дамыту үшін 300 мың теңге мемлекеттік грант та ұтып алыпты. Оған аквариумдар мен террариумдар сатып алған. Қалалық саябақта орналасқан жәндіктерді мектептерде биология пәнінде оқушыларға таныстыруды жоспарлап отыр. Карантин аяқталысымен арнайы көрме ұйымдастыруда да жоспарлап қойған.
Лидия МАЛЯРОВА, КӘСІПКЕР:
Бұл жәндіктерді көру үшін тропикалық елдерге барудың қажеті жоқ. Олар ерекше жылдам, ширақ, әрі кішкентай сонысымен маған ұнайды. Балалар қатты қызығады. Көре сала аналарына күш бермей сатып алып жатады. Тіпті пәтерлерінде ұстайды.
Ерекше бизнестің болашағы зор,- дейді ерлі- зайыптылар. Экзотикалық көрмеден бөлек, жәндіктердің у-ларын медицинада қолдану деңгейіне жеткізуді армандайды.
А. Қуаш