Жалған вакциналау паспортын жасағандар 4 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары мәлімдеді. Қазір осы мақсатта ведомствоаралық арнайы жұмыс тобы құрылған. Сонымен бірге, ғаламторда да мониторинг жасалады. Бүгінгі дейін әлеуметтік желі арқылы, қолдан жасалған екпе салдырғандығы туралы құжат пен ПТР анықтамаларын сату бойынша 62 хабарлама анықталған. Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам демекші, індет жұқтырып ауруханаға түсіп жатқандардың басым бөлігі де маңызды құжатты сатып алғандар, дейді министрліктегілер. Қазіргі уақыттың өзінде ел төңірегінде 90 мыңға жуық адам коронавируспен ауырып жатыр. Өкінішке орай, вирус жұқтырудың антирекорды күн сайын жаңаруда. Өткен тәулікте 7 мыңдай науқас анықталды. Бұл өткен аймен салыстырғанда 5 есе көп.
Арыстанғали ЗАППАРОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Жыл басынан бері полиция органдары барлығы 86 қылмыстық іс қозғады, оның 39-ы вакцинация паспорттарын және 47-сі ПТР-анықтаманы қолдан жасағаны үшін, жалған құжат жасағаны үшін 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік, ал оны пайдаланғаны үшін 40 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған.
Елдегі эпид ахуалдың шиеленісе түскеніне қарамастан, атқамінерлер мектептерді оффлайн режимге ауыстыруды жоспарлап отыр. Тіпті, білім ұяларына "Ashyq" жүйесін енгізу жайы да қарастырылып жатыр.
Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:
Қазір бұл мәселе пысықталып жатыр, егер "Ashyq-ты" орнату мүмкіндігі болса, бұл мектеп ішіндегі балаларды және ата-аналарды, әрине, мұғалімдерді қауіп инфекциядан қорғаудың қосымша мүмкіндігі болады. Сондықтан қазір бұл мәселе қарастырылуда. Әрине, мұны қалай жасауға болатындығын техникалық тұрғыдан да зерттейміз.
Ал, елдің бас дәрігерінің орынбасары вакцина салмаудың ақыры ауруханаға түсу немесе өлім жағдайын әкеп соғатынын жеткізді. Оның сөзінше, өткен тәулікте Қазақстан төңірегінде 110 үйде жаназа шығарылған. Айта кетейін, пандемия басталғаны 5600-ден аса адам қайтыс болды. Ауруханада жатқан науқастардың 1500-інің жағдайы мүшкіл.
А. Данияр