Қызылжарда ауаға қайтадан күкірт сутек газы тарады. Казгидромет стансасы улы зат мөлшерінің қалыпты нормадан екі жарым есе асып түскенін анықтады. Демек, ауадағы әрбір шаршы метрдің құрамында зиянды газдың 20 микрограмы тараған. Жергілікті тұрғындар қала көшелеріндегі жағымсыз иісті бірден байқаған. Сала мамандарының айтуынша, Петропавлда мұрын жаратын иіс тек көктемде ғана шығады. Ал жазды күні мұндай құбылыс сирек кездеседі дейді.
Оксана ГОРДИЕНКО, "КАЗГИДРОМЕТ" РМК ФИЛИАЛЫ СЫНАУ ЗЕРТХАНАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Күкірт сутегі бір тәуліктің ішінде 7 мәрте нормадан асқан. Бірақ шарықтау шегіне жеткен жоқ. Қауіпті деңгейге жеткен кезде біз төтенше жағдай мамандарына жүгінеміз. Жалпы, соңғы бір айдың ішінде ауа құрамында төрт заттың мөлшері асып түскен. Мәселен, күкірт қышқылы, диоксид азот, оксид азот пен шаң.
А. Құрманкин