Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарда апатты деп танылған үй «қағаз бетінде» ғана бұзылған

  • AstanaTV
  • 06 тамыз 2021
  • 2156

Бұл -әлдеқашан апатты деп танылып, бұзылуы керек болған баспана. Тозығы жеткен ескі ағаш үйде қазір 8 отбасы тұрып жатыр. Есік-терезе алқам-салқам, пәтерлердің іші адам көргісіз. Үйдің төбесі құлайын деп әрең тұр.Тұрғындар "басқа барар жеріміз болмаған соң, амалсыздан осында тұрып жатырмыз" дейді.

Ольга ГРИШИНА, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қатты жел болса, тоқ сымдары бір-біріне тиіп, өрт шығады. Электриктерді шақырсақ, олар бізге бұл тоқ көздері бір ғана фазаға қосылған. Сондықтан, кез келген күні өрт болуы мүмкін дейді. Бізге бірде бір шенеунік келіп хәлімізді білген емес. Біз бір айдалада қалған үй сияқтымыз. Не картада жоқпыз, не құжат жүзінде жоқпыз. Біз мәселесімізді айтып талай мәрте бардық. Әкім қаралар келеміз - дейді де ақыры жоқ болады. Біз ешкімге керек емес сияқтымыз.

Бұл үйде адамдардың өмір сүруіне мүлдем жағдай жасалмаған. Бұзылады деген желеумен баспананың су, кәріз желілері ажыратылған. Ал тұрғындар ғимараттың «құжат түрінде бұзылып кеткенін» жақында ғана білген.

Елена СМИРНОВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біздің үй қағаз жүзінде 2019 жылы бұзылып, орнына жаңа үй салынған дейді. Біз осыны түсінбей әлекпіз. Сонда біздің пәтеріміз қайда кетті? Ешбір шенеунік осыған жауап бермейді. Бұның өзін біз кездейсоқ біліп қалдық. Қаланың жаңа жоспарында біздің үй жоқ. Ал ондағы мамандар картадан іздеп таппай өздері аң-таң болып отыр. Сендер әлі тұрып жатырсыңдар ма дегендей түрмен қарайды.

Ал әкімдік өкілдері ескі үйлердің кезең-кезеңмен бұзылатынын айтады. Биыл екі қабатты 19 үйді бұзу жоспарлаған. Оның ішінде біз айтқан осы үй де бар.

Жансерік ҚАПЗОЛЛА, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ МАМАНЫ:

Циолковский көшесі 19/1 мекен-жайы бойынша орналасқан тұрғын үй биыл бұзылатын үйдің тізіміне кіреді. Бұл үйдің тұрғындарын қоныстандыру мәселесі ағымдағы жылдың қыркүйек айына дейін шешілетін болады.

«Сарыарқа» шағын ауданындағы ескі ағаш үйлерде 150-ден астам отбасы қоныстанған. Олардың 33-іне уақытша тұру үшін баспана берілген. Ал қалғандарының мәселесін әкімдік осы күзге дейін шешеміз дейді.

Ө. Қуанар