Русский Сайттың толық нұсқасы

Тараздағы "өрмекші адам" ұсталды

  • AstanaTV
  • 09 тамыз 2021
  • 2072
Таразда полицейлер көз алдарында айрылып қалған қылмыскер ұсталды. Оны тәртіп сақшылары үш күн бойына іздеп, әуреге түсті. Есірткі тасымалдап, қару сақтағаны үшін айыпталып, жергілікті тұрғын бұл қылығы үшін жаза үстіне жаза арқалауы мүмкін.     

Мақсат ЖҮСІПОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПД КРИМИНАЛДЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Осы факт бойынша қылмыстық кодекстің 426 бабымен, яғни, күзеттен қашқаны үшін сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Бұл қылмысты жасағаны үшін 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылу қарастырылған.

Қашқынның полицейлерден қашу сәті, тергеу изоляторы аумағындағы бейнекамераға түсіп қалған. 26 жастағы тұрғынды Тараз қалалық соты 2 жыл 10 ай мерзімге соттауға үкім шығарған. Жазасын өтейтін түзеу мекемесіне жіберілмес бұрын, оған келіншегімен қоштасып алуына рұқсат берген көрінеді. Ерлі-зайыптылар әңгімелесіп тұрған кейіп танытып, артынша оңтайлы сәт туғанда, сотталушы мекеме қоршауын өрмелеп, қаша жөнелген. Артынан қуа жөнелгенмен, тәртіп сақшылары қашқынға жеталмай жер сипап қалды. Бұл кадрлар әлеуметтік желіде жылдам тарады. Оның ептілігіне желі қолданушылар баға берді. Тіпті «Өрмекші адам» деген лақап ат бергендері де кездесті.  Ал, өз қызметіне салғырт қараған полицейлердің әрекетіне қатысты тергеу басталған. Қылмыскерді іздестіруге полиция департаментінің жеке құрамы түгел жұмылдырылған. Нәтижесінде ол қаладағы шағын аудандардың бірінде бой тасалап жатқан жерінен қолға түскен.

Б. Жұмабайұлы