Карантин кезінде 60 жасқа толғанын дүркіретіп өткізген Жамбыл облысы Байзақ ауданы әкімі Бақыт Қазанбасов, айыппұлмен құтылмақ. Мұны облыстық санитарлық эпидемиологиялық қадағалау департаменті хабарлады. Сондай-ақ бас санитардың талаптарын ескермеген тойхана қожайыны да жазаланған.
Бағлан ҚЫДЫРБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ ҚАДАҒАЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бұл фактілер бойынша біз барлық материалдарды зерделеу зерттеу барысында сол дәйектердің бәрі нақтыланды. Анықталды. Той иесіне қатысты әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 425-ші бабының 1-ші тармақшасы бойынша айыппұл салынды. Және тойхана иесіне карантин режимін бұзғаны үшін 230 айлық есептік көрсеткіште айыппұл салынды.
Бұл кадрлар әлеуметтік желіде тарады. Шілде айының ортасында аудан басшысы Тараздағы мейрамхананың бірінде той өткізген.
Аймақ "қызыл белдеуде" тұрғанына қарамастан, 60 жасын тойлаған шенеунікті, желі қолданушылары сынға алды. Енді бұл қылығы үшін мемлекеттік қызметкер 87 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелген. Дейтұрғанмен бұған қатысты аудан атқамінерлері жұмған аузын ашар емес. Қарамағындағылар әкімнің еңбек демалысында екенін ауызша айтумен ғана шектелді.
Б. Жұмабайұлы