Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралдағы жағажайдағы жанжалына «Nur Otan» партиясы араласты

  • AstanaTV
  • 11 тамыз 2021
  • 1683

Оралда саяжай иелері мен кәсіпкер жағажай үшін дауласып жатыр. Арадағы даудың басталғанына екі жылдан асыпты. Сол кезде өзен жағасын игеріп, балық өсіруді ұсынған кәсіпкердің идеясы өңірде өтімді инвестжоба ретінде мақұлданған. Кейін ол осы аумақтан жағажай құрылысын бастапты. Бірақ бұған тұрғындар қарсы.

Лариса РУМЯНЦЕВА, «МИЧУРИНСКОЕ» БАҒБАНДАР ҚОҒАМЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Құрылыс кезінде осы маңдағы тоғай оталып, экожүйе бүлінді. Жағаға құм төгіп, жүгірген аң мен ұшқан құсты үркітті. Енді жағажайдағы күн сайынғы шудан біздің мазамыз май ішкендей болып отыр.

Татьяна ТРИФОНОВА, КӘСІПКЕРДІҢ ӨКІЛІ:

Ешқандай экожүйе бұзылған жоқ. Өзеннің арнасы да өзгермеді. Егер табиғатқа зиян келтірсек, тексеруден көз ашпас едік қой. Экологтардың бізге қояр талабы жоқ. Өйткені осы ісіміздің бәрін заңдастырып, келісімін алдық.

Экологтар шынымен жобаны қолдап отыр. Бұл бастама жергілікті атқамінерлер тарапынан қатаң бақылауда болуы керек дейді.

Дархан САРИЕВ, ЭКОЛОГ:

Иесіз жерге инвестиция құйған кәсіпкерді әкімдік алақанында аялап ұстау керек еді. Өйткені ол тәуекел етіп, қаржы құйып жатыр. Бірақ жауапты органдардың салғырттығының кесірінен халық пен кәсіпкер бір-біріне алакөз болып отыр. Сондықтан әу бастан осы мәселенің басын ашып алып, мән-жайды екі жаққа да түсіндіру керек еді. Бұған жергілікті атқарушы орган кінәлі.

Жағажай жанжалына «Nur Otan» партиясы өкілдері төрелік айтты. Олар тараптарды бітімге шақырып, жауапты органдардың жұмысына сын айтты.

Гүлнәр ӘЛЖАНОВА, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ БҚО ФИЛИАЛЫ ЖАНЫНДАҒЫ ПАРТИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТҰРАҚТЫ МҮШЕСІ:


Бизнесті де қолдап, инвестициялық жобаны қолдауға біз тиістіміз. Ол жерде қыруар қаражат бөлініп жатыр. Соған қарамастан тұрғындардың да тыныштығын, ол жердегі экологиялық жүйенің де сақталуын біз қамтамасыз етуіміз керек. Жауапты органдардың барлығына өзіміздің ұсынбаларымызды жіберетін боламыз.

Партиялық бақылау комиссиясы нысан құрылысына қатысты нақты нұсқаулық болуы керектігін ұсынып отыр. Сонда ғана бастапқы жобадан ауытқушылық болмайтынына сенімді.

Е. Карин