Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбелік шаруалар субсидияға қатысты шу шығарды

  • AstanaTV
  • 12 тамыз 2021
  • 2297

Бүгін бір топ ақтөбелік ет өндіруші шаруалар, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлік палатасы ғимаратының алдына жиналды. Олар субсидиядан қағыламыз ба деп қауіптенеді. Бұған - сүт-тауарлы ферма бағытындағы ірі кәсіпорын өкілдері жасаған ұсыныс себеп болған. Сүт фермерлері субсидия көлемін екі есе арттыру туралы бастама көтеріп, оны палатаға жолдапты. Ет өндірушілер сауынды сиыр бағып отырғандардың өтемақысы көбейтілсе, бізге қаражат қалмайды деп алаңдайды.

Мұрат САТМАҒАМБЕТОВ, «ҚОНЫСБАЙ» ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Талаптарымыз – көтеретін болса, субсидияны облыс бойынша бәріне бірдей көтерсін, көтермейтін болса, қалдырсын.

Биыл жергілікті мал өсірушілерді қолдауға бюджеттен 6 миллиард 600 млн теңге бөлінген. Ірі қара малдың басына 30 мың, жылқыға 20 мың теңге төленеді. Ал, сауын сиырға 120 мың теңге деп бекітілген. Фермерлік орталық қауымдастығының дерегінше, енді сүтті мал басы 600-ден асқандарға, 240 мың теңге субсидия төлеу қарастырылуда.

Марлен БАЙМАҒАМБЕТОВ, АҚТӨБЕ ФЕРМЕРЛІК ОРТАЛЫҒЫ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Күмән туғызып отырғаны – сүт ассоцияциясының хатын «Атамекен» 100 пайыз қолдап отыр. Неге жартылай қолдамайды? Неге субсидия кестесін бірдей қылып көшіріп акиматқа хат жазып отыр?

Сүт өндірушілердің ұсынысы мақұлданып, субсидия төлеу тәртібі өзгертілсе, аймақтағы екі жүзден астам шаруа өтемақысыз қалуы мүмкін. Мұны ауыл шаруашылығы басқармасының өкілі де мойындайды.

Панабек БИМҰРАТОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Оны аяқ астынан өзгертіп жіберу, ол 100-200 шаруаның субсидиядан айырылып қалу мүмкіндігін туғызады. Растаймын. Анаған ақша кетіп қалса, басқаралары ала алмай қалады.

Алайда, бүгін ішке баса-көктеп кірген шаруаларды әрең қабылдаған «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының директоры да, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы да оларда сыбарға шақырды. Шу шығарудың жөні жоқ дейді.  

Сұлупан ШЫНТАСОВА, «АТАМЕКЕН» ӨҢІРЛІК КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Жылдың соңында ештеңе өзгермейді. Бұл жобаны әлі де бірге талқылаймыз. Ортақ шешім шығарамыз. Бірақ комиссия мүшелері кімді қолдап, қандай шешімге келетінін мен айта алмаймын. Дауысқа саламыз.

Исатай ЕСПАҒАНБЕТОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Биылғы субсидия көлемін былтырғы бекітілген көлемде қалдырамыз, еш өзгеріссіз.


Бұл жауапқа наразы топ қанағаттана қоймады. Олар бүгінгі жиыннан нәтиже шықпаса, 500 адамды жинап, облыстық әкімдікке баратындарын ескертті.

Г. Сейтенова