Русский Сайттың толық нұсқасы

Петропавлдан іргесіндегі Шаховской ауылы жолға жарымай отыр

  • AstanaTV
  • 12 тамыз 2021
  • 1870

Петропавлдан небәрі 14 шақырым жерде орналасқан Шаховской ауылы жолға жарымай отыр. Шұрық тесікке толы жол тұрғындарды мезі еткен. Олар жаңбырлы күні көлікпен жүру мүмкін емес дейді. Осының салдарынан ауылдың қаламен қатынасы қиындаған. Бұқара тақтайдай күре жолды 10 жылдан бері күтіп отырғандарын айтады. Содан бері талай табалдырықты тоздырғанмен, құлақ асар жан таппағандарын жеткізді.  

Зәуре ҚАЛМҰРЗИНОВА, ШАХОВСКОЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Көбі қалада жұмыс істейді. Оқушылар, студенттер бар. баяғыда автобус 3 мезгіл жүретін. Частный лицо болды. Қазір бізге келгісі келмейді. Бас тартады, жол жаман деп. Себебі, машиналар қирайды.

800-ге тарта тұрғыны бар ауылда не медициналық бекет, не дәріхана жоқ. Ал қаладан келетін жедел жәрдем көлігі, жолы жоқ жолды бір сағат жүріп келеді дейді.   

Римма МҰҚАШЕВА, ШАХОВСКОЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жедел жәрдем балалармен келе жатып, ойқы-шойқы жолда бірнеше рет аударылып та қалды. Дәрі алайын десең, дәріханаға барып келуге 2 сағат уақыт кетеді. Қыста жағдай мүлде қиындай түседі. Боран басталса, қаламен қатынасымыз бірнеше күнге үзіледі. Биліктен жолды жөндеп беруді сұраймыз.


Қызылжар ауданы әкімдігінің өкілдері мәселені шешуге қаражат қолбайлау болып отырғанын хабарлады. 14 шақырымға шамамен 1 миллиард теңге қажет екенін есептеп шығарған.    

Қайсар ӘМІРИН, ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНЫ СӘУЛЕТ, ҚҰРЫЛЫС, ТҮКШ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Жолдың ортасы мен бас жағы әбден тозған. 3 шақырым жолға күрделі жөндеу жүргізу үшін 520 миллион теңге қажет. ал қалған аралық орташа жөндеуді қажет етеді. Оған 420 миллион керек. Жобалық-сметалық құжаттамамыз дайын.


Бөлім басшысы мұндай қаражатты аудандық бюджет көтере алмайтынын айтты. Қазір олар облыстық, не республикалық қазынадан қаржының бөлінуін күтіп отырғандарын жеткізді. Ал, оның қашан бөлінетінін айта алмайды.

А. Құрманкин