Ақбота БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:
Биыл бірінші сынып оқушылары қауышатын Әліппе осы. Оқулықтың ерекшелігі көп. Мысалы, КЮАР код пен электронды қосымша. Кітап авторлары балалар өткен тақырыпты терең түсіну үшін осындай заманауи әдіс қолданыпты. Яғни кез-келген уақытта кітаптың бұрышындағы кодты сканерлеп, тақырыпты қайтадан тыңдауға болады екен. Оқушыларға бұл өте тиімді дейді мамандар.
Жаңа әліппе оқушыларға бірінші қыркүйекте салтанатты түрде табысталады. Оқулықтың бұрынғы әліппеден де айырмашылығы бар. Оқыту барысында әріптердің реттілігі ауысқан. "Қазақ тіл білімінің негізін салушы, ұстаз Ахмет Байтұрсыновтың әдісі бойынша құрастырылды" дейді мамандар. Айтуларынша, бұл балалардың әріптерді тез қабылдап, жеңіл меңгеруіне ықпал етеді.
Елдос НҰРЛАНОВ, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ БІЛІМ МАЗМҰНЫН САРАПТАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Әліппеде бұл біздің білетін әріптеріміз, олар дәл сол ретпен оқытылмайды. Олар дыбыс арқылы үйретіледі. Сонда да бірінші "А", одан кейін бір кезде "Ш" болды. Қазір "А", "Р", сосын "Л" сөйтіп кете береді.
Еліміздегі ең ірі баспалар 8 түрлі нұсқа ұсынған. 5-еуі қазақ тілінде, 3-еуі орыс тілінде. Жан-жақты зерттеудің, сараптаудың нәтижесінде екі нұсқа таңдалып алынды. Әліппе мен Букварь. Екі кітап та жаңа оқыту тәсілі мен заманауи әдістер негізінде әзірленген. Мультимедиалық құралдар баланың оқуға деген қызығушылығын арттырады дейді. Әліппенің оралғанына ұстаздар алдымен қуанды. Себебі бірінші сынып оқушыларына арналған сауат ашу оқулығына қатысты біраз қиындықтар болған.
Розайым ТОРТАЕВА, БАСТАУЫШ СЫНЫП МҰҒАЛІМІ:
Сауат ашуға қарағанда біздщің бұрынғы әліппеміз өте балаларға түсінікті, балалардың тіліне жақындау. Баларларға оңайдан қиынға берілген тапсырмалары біз үшін де, балалар үшін де тиімді болады деп ойлаймыз.
Үш баланың анасы Жанар да биыл мектеп табалдырығын енді аттайтын ұлының әліппе оқитынына қуанышты. Себебі алдыңғы баласы сауатын "сауат ашудан" бастаған. Оқу барысында олар да қиналған.
Жанар ҚОНАРОВА, АТА-АНА:
Суреттерімен оқуда ыңғайлы болады. Өзімізге де түсінікті, одан өзіміз де өттік, бала-шағамыз да өтіп жатыр. Күткен кітабымыз қайта шыққанына қуанып жатырмыз аналар болып.
Жаңа әліппенің тағы бір ерекшелігі, қасында "серік" деп аталатын қосымшасы және жұмыс дәптері мен ұстазға арналған әдістемелік құралы бар. Жауаптылардың айтуынша, кітап тапшылығы болмайды. Оқулықтың сыртындағы КЮАР код оқулықты электронды түрде көшіріп алуға мүмкіндік береді. Еліміздің әр өңіріндегі 65 мектепте сынықтан өткен Әліппе өз нәтижесін береді дейді мамандар.
А. Базарбай