Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжардағы қазақ театрының алты актері жұмыстан кетпек

  • AstanaTV
  • 19 тамыз 2021
  • 1415

Қызылжарда билік тарапының шексіз уәдесінен шаршаған қазақ театрының алты бірдей актері жұмыстан кетті. Олардың айтуынша, 11 жылдан бері пәтер мәселесі шешілмеген.  2010 жылы облыс басшысы әртістерге алты пәтердің кілтін табыстаған, оның төртеуі дәрігерлер үйінен берілген. Баспана ведомствалық болғандықтан, мәдениет қызметкерлері оны жекешелендіре алмаған. Енді сот шешіміне сәйкес босатуы тиіс.

Асылхан РӘЗИЕВ, С.МҰҚАНОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ САЗДЫ-ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ АКТЕРІ:


Салтанатты түрде табыстағаннан кейін, ол берілуі керек. Біз соған сендік. Біз ақша да жинаған жоқпыз. Егер де квартира мәселесі шешілсе, біз әрине жұмысымызда қаламыз. Өмірдің 15 жылын театрға бердік.

Қазақ театрында қазір 20 актер бар. Егер оның алтауы бірден кетсе, труппаның жағдайы қиындай түседі, дейді мекеме директоры.

Біржан ЖАЛҒАСБАЕВ, С.МҰҚАНОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ САЗДЫ-ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
 
Мен кеше жігіттерге айттым: егер сендер кетсеңдер, біз қиналамыз дедім. Қаншама спектакльдер бар, қаншама режиссерлар шақыртумен келіп қойғаннан кейін ол қаншама жасалған еңбек тұралап қалады.


Ал мәдениет басқармасындағылар оларға екі пәтер қарастырып қойғанын айтады. Бірақ оларды жекешелендіру үшін тағы біршама уақыт күту керек дейді.

Досбол ӘБДІРІСОВ, СҚО МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ АРХИВ ІСІ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Қазір екі пәтер үш бөлмелі пәтер болып тұр. Екі актерге беруге дайынбыз негізі. Ал қалған екі актерге уақыт өте келе пәтер босаған кезде оларға да беретін боламыз.

Бұл жауап театр қызметкерлерін қанағаттандырмады. Екі отбасының мәселесі шешілгенімен, қалғандары тұрып жатқан пәтерден шығарса, қайда барамыз деп алаңдайды.

А. Құрманкин