Русский Сайттың толық нұсқасы

"Талибандар келгелі отбасыммен сөйлесе алмай жүрмін", - Қазақстандағы ауғандық студент

  • AstanaTV
  • 20 тамыз 2021
  • 3513

Қазақстанда оқитын ауғандық студент Само Каргар өз еліне қайтқысы келмейді. Себебі, ол жақта жағдай шиелініскен. Самоның айтуынша, қазір   отбасымен   байланысу да қиындап кеткен.

Само КАРГАР, АУҒАНДЫҚ СТУДЕНТ:

Отбасыммен талибандар келгеннен бері сөйлесе алмай жүрмін. Менің уайымым көп. Уайымдап жүрмін. Інілерімді, олардың келешегін уайымдаймын. Ауғанстанды талибандар алды. Талибандардың үкіметінде болашақ жоқ.


Ауғанстанда тәліптер дәл қазір жаңа үкімет құру үшін  жанталасуда. Жергілікті БАҚ-тың мәліметінше, Кабулде жақында экс-президент Хамид Карзай мен Қазақстанда тыйым салынған “ талибан” қозғалысының өкілі Анас Хаккани кездескен.  Сондай-ақ, елге Дохиден Катар кеңсесінің көшбасшысы бастаған тәліптер делегациясы жетті.  

Тәліптердің сөзінше, келешек министрлер кабинеті атына заты сай болады. Инклюзивті үкімет Ауғанстанның өзге елдермен байланысын нығайтып,экономиканы қалыпқа келтірмек. Тіпті әйелдердің де білім алып, жұмыс істеуіне рұқсат беріледі, дейді қозғалыс өкілдері.

Сухайль ШАХИН, ТӘЛІПТЕРДІҢ КАТАРДАҒЫ КЕҢСЕСІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
 
Қазір қандай да бір таңдау жасауға  уақыт жоқ. Конституция да жоқ. Бірақ, жаңа ата заң шығарылып, бекітіледі. Дәл қазір инклюзивті ауған үкіметін құруымыз керек. Әйелдер жұмыс істеп, қоғамдық өмірге араласады.
 

Іс жүзінде тәліптердің инклюзивті үкіметі дәстүрлі үкіметтен айтарлықтай ерекшеленуі мүмкін.  Өйткені, оларда мемлекетті басқаратын кадр жоқ. Калашников автоматына сеніп, сақал қойдырғандардың мемлекеттік қызметте тәжірибесі жоқ екені айқын. Елде бірнеше күн бойы банктер мен өзге де қаржылық мекемелер жабық тұрғанын ескерсек, мұндай кабинетті құруға қанша уақыт кетеді әрі оның қалай жұмыс істейтіні әлі түсініксіз.

Имран АЛИ, КЕДЕНДІК БЕЗЕНДІРУ АГЕНТТІГІНІҢ ИЕСІ:  

Бұрын бизнесте ешқандай кедергі болған жоқ.  Экспорттық-импорттық бизнесте банк өте маңызды, себебі бизнес банк операцияларына тәуелді.  Тәліптер  билікті басып алғаннан кейін Ауғанстандағы банктер жабық. Сондықтан, проблемалармен бетпе -бет келеміз.  Егер осылай жалғаса берсе, онда екі апталық үзілістен кейін біздің бизнес тоқырайды.

Ал, еуроодақ ауған босқындарының жаңа легіне қатысты дабыл қағуда.  Еуропалық комиссия Одақ елдерін мигранттарды қабылдау квотасын көбейтуге шақырды.  Бірақ  10 мың ауғандықты қабылдауға уәде берген мемлекеттердің Германиядан басқасы үнсіз.


Л. Қуанышқызы