Русский Сайттың толық нұсқасы

Жамбылдағы жазғы лагерьде балаларға діни дәрістер жүргізіліп келген

  • AstanaTV
  • 24 тамыз 2017
  • 3646

Жамбылда жазғы лагерьлердің бірінде балаларға діни дәрістер жүргізілген. Бұл туралы Жамбыл облыстық прокуратурасы мәлімдеді. Тексеріс кезінде Қордай ауданы Сортөбе ауылында балаларға арналған жазғы лагерь атымен ашылған мекеме, кәмелетке толмаған жеткіншектерді дінге тартқаны белгілі болды. Демалыс орталығының атын жамылған ұйым, аталған ауылдағы «Ханафи» мешітімен бір аулада орналасқаны анықталды. Онда кәмелет жасына жетпеген 50-ден аса балаға діни әдебиеттерден дәрістер оқытылып келген. Ал балалардың басым бөлігі сортөбелік дүнген ұлтының жеткіншектері екені белгілі болды.

Бақтияр Шаисламов, Жамбыл облыстық прокуратурасының бөлім бастығы:

50-ден аса баланы оқытқан Қордайдағы мекеме басшысының лицензиялық рұқсаты болмаған. Әрі діни дәріс жүрізуге қатысты белгіленген біліктілік талаптарына жауап бере алмайды. Осы дерекке қатысты ұйым басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Енді оған бұл бағытта ары қарай сабақтар өтуге тыйым салынды.

Ал Меркі ауданы Сұрат ауылындағы жазғы лагерьде 6 мен 17 жас аралығындағы 30 балаға діни дәрістер жүргізілгені анықталды. Сол жерде «Шымкент және Тараз епархиясының Рождество Пресвятой Богородицы храмы приходы» деп аталатын діни бірлестік басшысы ұсталған. Тексеріс кезінде Байзақ ауданында да бір азамат адамдарды заңсыз дінге тартқаны үшін қолға түсіпті.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ