Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанда ең төменгі жалақы көбейеді

  • AstanaTV
  • 01 қыркүйек 2021
  • 1705

Келер жылы ең төменгі жалақы деңгейі 42 мың 500 теңгеден 60 мыңға   көтеріледі.  Бұл туралы бүгін Мемлекет басшысы өз Жолдауында айтты. Өйткені төменгі айлық көрсеткіші бойынша Қазақстан ТМД-дағы бірқатар  елден артта қалған. Сондай-ақ,   бюджеттен қаржыландырылатын сала мамандарының айлығы көбейеді.  Тілшіміз  Бекболат Сатуов тарқатып айтады.

Бұл- Кенжегүл Әбдікәрімова. Кітапханашы. 10 жылдық  тәжірибесі бар кәсіби маман.  Бірақ айтуынша, жалақысы мардымсыз.   

Кенжегүл ӘБДІКӘРІМОВА, М.ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ОРТАЛЫҚ ҚАЛАЛЫҚ КІТАПХАНА ҚЫЗМЕТКЕРІ:
 
Жалақымыздың аздығына байланысты көбінесе әлеуметтік жағдайымызда көп қиындықтар болды. Себебі мынау азық-түліктің қымбаттауына байланысты, пәтеріміздің қымбаттауына байланысты әрине жалақымыз жетпейді.  


Президент өткен жылы 600 мыңнан астам педагогтар мен дәрігерлердің, әлеуметтік   қызметкерлердің жалақысы өскенін, алайда бюджеттен қаржыландырылатын өзге  сала мамандары  тыс қалғанын айтты. Олар: кітапханашылар, қорықшылар, мәдениет қызметкерлері, мұрағатшылар, техника қызметкерлері мен көлік жүргізушілер. Сондықтан  мемлекет басшысы  бұл мамандық иелерінің  жалақысын жыл сайын арттыру қажет деді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бюджеттік мамандықтар 2022 жылдан 2025 жылға дейін жалақылары жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіп отырады.Тұтастай алғанда тағы 600 мың отандасымыз бұл бастаманың игілігін көреді.

Сондай-ақ Президент әлеуметтік көмектен шын мұқтаж жандар тыс қалып жатқанына тоқталды. Есесіне кейбір азаматтар үкіметке алақан жаюға дайын тұратынын жасырмады. Мемлекет басшысы масылдықтан арылу қажет деді. Бұл пікірді әлеуметтанушы Рамазан Саттарұлы да қолдайды.

Рамазан САТТАРҰЛЫ, ӘЛЕУМЕТТАНУШЫ:

Мемлекет бір приоритет сақтау керек. Неғұрлым халықты еңбекпен қамтуды қамтамасыз етіп, еңбекке құштарлығын арттырып және де оған дәлме-дәл келетін төлемақысы  болу керек. Ал енді ондай болмаса біз халықтың көбі тек қана мемлекетке сеніп, үкіметтен ғана ақша сұрауды әдетке айналдыратыны сөзсіз.

Қасым-Жомарт Тоқаев ең төменгі жалақыны көбейтуді тапсырды. Өйткені ол 2018 жылдан бері қайта қаралмаған. Дүниежүзілік коронавирус пандемиясына байланысты дағдарыс халық табысына қысымды арттырды деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Б. Сатуов