Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырау жұрты парадзюдошыларды сән-салтанатпен күтіп алды

  • AstanaTV
  • 01 қыркүйек 2021
  • 2171

Атыраулықтар Токио олимпиадасынан жеңіспен оралған парадзюдошыларды сән-салтанатпен күтіп алды. Ел қоржынына 3   күміс салған саңлақтардың  аяғын жерге тигізбей құрмет көрсетті. Қошаметте шек  жоқ. Облыс басшылығы   палуандарға бір миллион теңгенің сертификатын берді. Жанкүйерлермен бірге спортшыларды әуежайдан күтіп алған тілші бейнематериалы

Оркестр, гүл шоқтары, жанкүйерлер.  Атырау әуежайы ерекше толқыныс үстінде. Әлемдік додада бақ сынаған атыраулық 6 парадзюдошының үшеуі ел қоржынына күміс салды. Олар Әнуар Сариев, Дәулет Теміржан және Зарина Байбатина.  

Бақытгүл ХАМЕНОВА, АТЫРАУ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Тәуелсіз жылдар ішінде Атырауда болмаған оқиғаның куәгері болып тұрмыз. Қазіргі берер сыйымыз батырларымыз ғана емес, сонымен қатар бапкерлеріміз де бар. Бабы жақсының мықтылығы болады. Қала берді осындай ұл-қызды дүниеге алып келген ата-анасы  сіздерге ризашылығымды білдіргім келеді.


Елге үлкен олжамен оралған спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына аймақ басшысы атынан 1 миллион теңгенің сертификаты табысталды.  Жапония аспанында   көк туымызды желбіреткен сайыпқырандарға құрмет шексіз.

Әнуар САРИЕВ, ЖАЗҒЫ ПАРАЛИМПИАДА ОЙЫНДАРЫНЫҢ КҮМІС ЖҮЛДЕГЕРІ:


Негізгі мақсат алтын алу болды. Сондай өкінішті. Қолымда ұстап  тұрған алтыннан айырылып қалдым. Бұйырса 3 жылға Парижде қателіктерімді қайталамауға тырысамын.

Жандос ҚИЯНОВ, ПАРАДЗЮДОДАН ҚР ҚҰРАМА КОМАНДАСЫНЫҢ БАС ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ:

Токиодада өтіп жатқан жарыста да сіздердің қолдауларыңызды сезіндік. Сол үшін намысқа тырыстық.  Және осы жалпы біздің палуандардың бәрі жеңіске лайық еді. Барлығы 200 пайызға дайын болды.   

Салтанатты шарадан соң спортшылар мен олардың жаттықтырушылары  баспасөз конференциясын өткізді.  53 атыраулық мүмкіндігі шектеулі спортшы - ұлттық құрама мүшесі. Әлемдік додаға еліміз атынан қатысуға жолдама алған 25 споршының   8-і- Атырау облысынан.   

Б. Надірқызы