Русский Сайттың толық нұсқасы

Сотталушыларды ұрып-соққаны рас па?

  • AstanaTV
  • 02 қыркүйек 2021
  • 2815

Қарағанды облысындағы түрмелердің бірінен шу шықты.  Қарабас кентіндегі АК 159/18 түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан 3 сотталушы қорлық көргендерін айтып, бейнежазба жариялады. Сотталғандар дәлел ретінде денелеріндегі таяқ іздері мен көгерген беттерінің суретін қоса салған. Колониядағы жағдайдың мән- жайы Айжан Қуаштың материалында.

Жазасын өтеуші Артем Смирновтың айтуынша абақтыдан шығуына он күн қалғанда оны әкімшілік қызметкері таяққа жыққан. Және бұл бірінші рет емес, бұған дейін де болды,- дейді.

Артем СМИРНОВ, ЖАЗАСЫН ӨТЕУШІ:


Мен 106 баппен 2 жыл 1 ай 22 күнге сотталғанмын. Қыркүйектің онында бостандыққа шығуым керек. Алайда Қарабастағы АК 159/18 түзету мекемесінің әкімшілігі мені ұрып соқты. Адам құқықтарын қорғау қызметінің осы іске араласып, бізді қорғауын сұраймын. Мені басымнан, қабырғаларымнан тепті. Егер үйіме оралмай қалсам менің өліміме осы әкімшілік кінәлі.

Тағы екі сотталушы түнгі ұйқы кезінде қорлық көргендерін айтып, туыстарына бейнежазба жіберген.  

Кирилл ПОПОВ, ЖАЗАСЫН ӨТЕУШІ:

Бізді қорғауларыңызды сұраймыз. Әкімшілік бізді қорлап бітті. 3 адамды изоляторда ұрып соғып, содан кейін тікұшақпен алып кетіп ойларына келгенін істеді. Өтінеміз, көмектесіңіздерші.

Ал қылмыстық түзету жүйесі департаменті бұған  қатысты мүлде басқа мәлімдеме жасады. Ресми ақпаратқа сүйенсек, сотталған 5 адам өзара ерегісіп, төбелескен. Жауапкершіліктен қашу үшін колония қызметкерлерін қаралап бейнежазба таратқан дейді.

Бекболат ШӘКІРОВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ҚТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 
Алдын ала болжам бойынша олар жауапкершіліктен қашу үшін қылмыстық түзету жүйесінің қызметкерлерін қаралауға келіскен. Мекемеде қоғамдық бақылау комиссиясы мен арнайы прокурормен кездесу өтті. Ол кезде сотталғандар ұрып- соғу фактілері туралы айтқан жоқ.


Қазір мекемеде ерегіс шығарған басқа да азаматтарды анықтау үшін тергеу басталды. Сондай-ақ қызметтік тексеру  жүруде.   

 А. Қуаш