Русский Сайттың толық нұсқасы

ШҚО экологтары кәсіпорындардың қоршаған ортаға шығаратын зиянды заттар мөлшерін онлайн режимінде бақыламақ

  • AstanaTV
  • 24 тамыз 2017
  • 3489

Шығыс Қазақстан облысының экологтары кәсіпорындардың қоршаған ортаға шығаратын зиянды заттар мөлшерін онлайн режимде бақылайтын болады. Арнайы датчиктер алғаш болып жылына 10 тоннадан көп зиянды қалдықтар шығаратын, бірінші категориялы кәсіпорындарға орнатылмақ. Аталмыш жаңашылдық кәсіпорындардың аз да болсын кемшілігін бұғып қалуға мүмкіндік бермейді, дейді мамандар. Қазіргі жүйе бойынша тексеріс жүргізілетіні алдын ала ескертіліп, кәсіпорындар кем-кетіктерін жойып, дайын отыратын. Ал жаңа мониторинг аймақтағы 134 кәсіпорынды бақылайды.

Дмитрий Кавригин, ШҚО экология департаментінің басшысы:

Бірінші орында кәсіпорын басшыларының өздеріне тиімді. Олар экологиялық тұрғыда жағдайларының қалай өрбіп жатқанын біліп отырады. 1-ші категория бойынша 134 кәсіпорынның тең жартысына осы 2017-ші жылы датчиктер қойылу керек. Ал, онда көрсетілетін ақпарат барынша нақты болады.

Датчиктерді кәсіпорындар сатып алуы тиіс. Алайда, кей компания мамандары датчиктерді орнату аса қымбат екенін айтты. Олар, шығын 100 миллион теңгеден асып жығылуы мүмкін, дейді.

Қазтай Такеев, «КАЗЦИНК» ЖШС бас экологы:

Біз алайық деп отырған экологиялық датчиктердің құны 8 миллион теңгеден кем емес. Ал қорғасынның ауаға шығуы, құбырлардың шаң-тозаңдануын автоматты түрде өлшейтін жүйе 100 млн теңгеден асып жығылады. Шағын ғана емес, тіпті алпауыт кәсіпорындарға бұл айтарлықтай шығын. Шағын орындардың мұны алуға шамасы жетпейді.