Русский Сайттың толық нұсқасы

Республика бойынша барлық мектептерде "Тәуелсіздік жетістігі" тәрбие сағаты өтті

  • AstanaTV
  • 06 қыркүйек 2021
  • 1916

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай бүгін ел аумағындағы барлық мектептерде  "Тәуелсіздік жетістігі" тақырыбында іс-шара өтті. Негізгі мақсат- келешек ұрпаққа азаттығымыздың бағасын ұғындырып, тарихымызды ұлықтау. Елордадағы номері 73-ші мектеп лицейдегі тәрбие сағатына арнайы профессор шақыртылған.  

Бас қаланың 73-мектеп лицейінде сабақ бүгін әдеттегідей басталды. Тек 10-сыныптар "Тәуелсіздік жетістігі" тәрбие сағатына қатысты. Сабақтың негізгі қонағы қудалаудың құрбаны болған Иманжүсіп Құтпанұлының немересі, философия ғылымдарының докторы - Раушан Иманжүсіп. Ол ел тарихындағы қиын қыстауларды еске алып, 30 жылда жеткен жетістіктерді жіпке тізді.

Раушан ИМАНЖҮСІП, Л.Н.ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕҰУ ПРОФЕССОРЫ:

 
Түбінде бәрі-бір адамның жүрегінде жақсылыққа деген ұмтылыс бар ғой. Сосын біз қазақ нені көрмедік? Неден өтпедік?  Бірақ сонда да тәуелсіздігімізді, егемендігімізді бәрі-бір аңсап, ақыры сол біздің батырларымыз қандай болды? Мына 90-жылдан бастап,  біз тәуелсіздік алғаннан кейін менің өзімнің жеке мүмкіндігім шықты.


Ұлт қаһарманының немересі тәуелсіздік алған жылдардан бастап атасының ұлтқа сіңірген еңбегін, ел азаттығын дәріптеп келеді. Мектеп ұстаздары да, осындай кездесулер арқылы әр баланың жүрегіне елдігіміз бен тамыры терең тарихымызды ұғындыруды міндеттеген.  

Маниға БҰҚАРБАЙ, ТАРИХ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ:

 
Жер бетінде қазақ деген елді сақтап қалу үшін бізге өте мықты бірлік керек, біріншіден. Екіншіден берік рух керек бізге. Ұлттық рухымыз өте жоғары болу керек. Соны бала жүрегіне ұғындыра алуымыз қажет.

Мектеп табалдырығынан бастап санаға сіңген азаттық, өсіп келе жатқан жас буынның жүрегінен орын алған. Әр бала батырларымыз бен ерлеріміздің рухтарын құрметтеп, Отанға деген үлкен сүйіспеншілікпен өсіп келеді.  

Дана ОҢҒАРОВА, 10-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:


Тәуелсіздік деген ол - мемлекеттік деңгейде ғана қарастыратын нәрсе емес. Ол әр қазақтың жүрегіндегі өзінің бостандыққа деген ұмтылысы. Шексіз бостандық емес, өз құқықтарыын қорғай білу болып саналады.


Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Тәңірдің өзі тарту еткен еркіндік әрқайсымызға қымбат.

А. Базарбай