Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодар облысында үш бірдей ауыл халқы жайылымнан айырылып қалды

  • AstanaTV
  • 06 қыркүйек 2021
  • 2148

Павлодар облысында үш бірдей ауыл халқы жайылым жерден айырылып қалды. Айтуларынша жерді жергілікті кәсіпкер меншіктеп алған. Ең сорақысы ол жайылым жерді жыртып, егістік алқапқа айналдырып жатыр. 30 жылдан бері малын баққан ағайын төрт түлігін енді қайда апарарын білмей дал. Жан-жағы егінге толған ауыл халқы арнамыздан араша сұрайды. Ауылдағы ағайынның жан-айқайын әріптесім Өзгеріс Қуанар тыңдап келді.

Ақтоғай ауданына қарасты үш бірдей ауылдың тұрғындары өре түрегелді. Өйткені, олар мал жайып отырған жерінен, бір күнде айырылып қалған. Шұрайлы жерді ауданға ықпалды кәсіпкер меншіктеп алып, жыртып тастапты.
 
Дәлел ҚАЙДАР, ҚОЖАМЖАР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жаздай мал бағып жүрген жеріміз. Міне жердің бәрін жыртып тастады. Ешқандай жер дейтін жерде қалмады. Мына мал несін жейді ертең. Міне, қараңдар, әппақ сары топырақ. Мынау деген не сұмдық. Мынандай жап-жасыл шөпті алды да топыраққа айналдырып тастады.


Өмірбек ЗАЙМОЛДА,  АҚТОҒАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Шөптің өзі қымбат қазір. Қуаңшылық мына заман. Қырда да, ойда да шөп жоқ. Күйімен шығатын малдың жайылымы жоқ. Не істейді шаңы шығып жатыр.

Өкінбек Займолда үш ауылдың малын бағып келгеніне 20 жылға жуықтаған. Дәл осы жерді алу үшін талай мәрте әкімдердің алдына да барғанын айтады. Алайда, жер бос емес деген шенділер ақыр соңында жайылымды аудандағы ықпалды кәсіпкерге беріп жіберді – деп отыр.

Өкінбек ЗАЙМОЛДА, ҚОЖАМЖАР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Еліміздің Президенті Тоқаев мырзаның Жолдауында айтты ғой мына шаруа қожалықтары, ауылдағы мал бағатын кісілердің мал өрісіне бөгет жасамандар, кеңейтіп беріндер-деп тікелей тапсырма берді. Міне оған қазір ешкім құлақ асып жатқан жоқ біздің әкімдер. Міне осындай үлкен қожалықтарға береді, ауыл әкімдері солардың ығымен кетеді.


Аудан атқамінерлері жердің егістікке арналғанын алға тартты. Олар халықтың қанша жылдан бері мал жайып келгенінен бейхабар болып шықты.

Ермек МАШРЫҚОВ, АҚТОҒАЙ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Біз конкурсқа шығардық. Конкурспен "Ақтоғай-агро" деген предприятия алды. Заң бойынша бізде ешқандай нарушение жоқ. Халықтың жайылым жоқ дегенін бірінші естіп отырмыз. Мал жайған екен мына жерге. Дегенмен де біз қарастырамыз. Жайылымдық жер дәл осы кісілерге КХ бола ма, ИП бола ма іздестіріп жер береміз.

Ал басы дауға қалған кәсіпкер болса, жерді заңды түрде алдым – дейді.

Игорь ГОЛОВОШОВ,  КӘСІПКЕР:
 
Жерді әкімдік конкурсқа шығарды. Мен құжатымды тапсырып, жеңіп алдым.  Ал мен жерді алып қойды деп шулап жатқан халық бос жатқан жерге өздігінен мал бағып жүрген. Енді әкімдік оларға басқа жер береміз деген екен. Бірақ, әлі күнге дейін жер бермепті. Оған енді менің кінәм жоқ. Әкімдік шешсін мәселені.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:


Аудан атқамінерлері жайылым жерді халыққа қайтарып беруге құлықсыз секілді. Десе де, мәселені шешеміз деп уәдені үйіп төкті. Ал мыңдаған малы бар халық төрт түлігін қайда жаярын білмей отыр.


Ө. Қуанар