Русский Сайттың толық нұсқасы

Үй бағасы арзандай ма?

  • AstanaTV
  • 07 қыркүйек 2021
  • 1726

Азық-түліктің бағасын түсіріп, инфляцияны тұрақтандырамыз. Бүгін Президент жолдауын жүзеге асырудың жалпыұлттық жоспарын талқылаған  шенеуніктер үкімет отырысында  уәдені үйіп-төкті. Бұндай сөздер әр жыл сайын   жолдаудан кейін айтылады.  Шенеуніктер  бұл жолы уәдесін орындап,  бағаны ауыздықтай ала ма? Келесі бейнематериалды көрейік.

БЛИЦ:

- Нан бізге міне 10 теңгеге тағы қымбаттады. +Кешеден бері 120 теңгеден алып тұрмыз.

- Арзандағанын білмеймін, қымбат. Продуктінің бәрі қымбат.

- Ет, одан кейін май,әсіресе мынау шемішкенің майы бар ғой сол көп қымбаттады.


Бұл -жұртшылықтың биліктегілерге  назы. Азық-түлік, әлеуметтік маңызды өнімдердің құны күннен күнге ұшып барады. Бірақ,шенділер мемлекет басшысының жолдауынан кейін ғана мәселеге мән бергендей. Министр Ерғалиев бүгін үкімет отырысында азық-түлік арзандайды, деп сендірді. Оның айтуынша,  азық-түліктің қымбаттауына әсер еткен фактор көп. Сондықтан, инфляцияға қарсы шараларға арнайы штаб пен мониторинг қажет.

Ерболат ДОСАЕВ, ҚР ҰЛТТЫҚ БАНК ТӨРАҒАСЫ:


Ұлттық банк дезинфляциялық ақша-кредит саясатын жүргізуді жалғастырады. Үкімет тарапынан ұсынылған инфляцияның монетарлық емес факторларын төмендету шаралары тиімді іске асырылған жағдайда ақша-кредит талаптарын жеңілдету жөнінде шешім қабылдауға өзінің дайын екендігін растайды.


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында инфляцияны 4-6 пайыздан асырмауды тапсырды. Ал, елде 8 айдың қорытындысымен ол  8,7 пайызға бір-ақ шыққан.  

Серік ЖҰМАНҒАРИН, БӘСЕКЕЛЕСТІКТІ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ АГЕНТТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Ай сайын біз ірі азық-түлік өндірушілері мен ассоциацияларының өкілдерімен кездесеміз. Тауық жұмыртқасы сияқты өз маусымында қымбаттап, кейін бағасы тұрақталатын өнімдерді қоспағанда, жалпы өнімдердің бағасы өспейді деп келіскенбіз.


Жыл бойы жұмысына мән бермеген шенділер 1 күннің ішінде бәрін қалыпқа келтіреміз деді. Бірақ, экономист Сапарбай Жұбаевтың пікірінше, "Ұлттық банк өз жауапкершілігін үкіметке сілтеп отыр". Себебі, қайта қаржыландыру, резерв мөлшерлемелері, ашық нарықтағы операциялар арқылы тығырықтан шығудың орнына  өнім өндіру, экспортты шектеуге араласып, өзін ақтауға тырысуда.  

Сапарбай ЖҰБАЕВ, ЭКОНОМИСТ:

Қараша, желтоқсан айында біздегі азық-түлік 10-15 пайызға өсіп кетеді. Бұл мәселені енді шешу жолын биліктің айлығын шектеу керек еді. Тек қана жаңағы 100 мың, 110 мың алатын мектепте оқытушылардың, жаңағы кітапханашылардың айлығын 20 пайызға көтеріп,250 мыңнан жоғарылардың айлығын бір сол қалыпта сақтау керек. Болмаса инфляцияны ешкім тоқтата алмайды.

Елімізде баспана бағасы да шарықтап тұр.  Бірақ, үкіметте Серік Жұманғарин   үй арзандайды  деді.  Шенеунік қазір бастапқы тұрғын үй құны 3% -дан 0,4% -ға, ал 2-ші нарықтағы баспана бағасы 5% -дан 1,1% -ға дейін төмендеген. Ал мамандар бұған не дейді?

Төлеген ӘШІМОВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНЫҢ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫС БОЙЫНША КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Құрылысшылар бағаны түсіруге мәжбүр болса, құрылысшылар табысынан қағылады. Ал, инвесторлар көретін пайдасын ала алмай, келесі жолы құрылысқа қаржы құймайтын болады. Сондықтан, пәтердің бағасы үлкен мөлшерде түседі деп дәмеленуге болмайды деп есептеймін.

Ал құрылысшылардың пікірінше, елде инфляция реттелмейінше, баспана құны аспандаған күйі қалады.  

Л. Қуанышқызы