Елордалық жатақханалардың жайы мәз емес. Бүгін "NUR OTAN" партиясы жанындағы "Jas Otan" Жастар қанатының және Жастарды қолдау жөніндегі республикалық кеңестің бастамасымен, оқу жатақханаларына рейд жүргізілді. Тексеру барысында студетттердің тұрып жатқан жерлерінің біразы талаптар мен ережелерге сай емес екендігі анықталды. Бірінде қауіпсіздік ережелері мүлдем сақталмаса, бірінде студенттермен бірге қала тұрғындары тұрып жатыр. Толығырақ әріптесім Ақбота Базарбай тарқатады.
Сауда-экономикалық колледжінің жатақханасы мәжіліс депутаты мен "Jas Otan" Жастар қанаты төрағасының көңілінен шықпады. Жүргізілген рейд нәтижесінде бірқатар талаптардың орындалмағаны анықталды. Бұл жерде бұған дейін де тексеру жұмыстары жүргізілген. Бірақ ескертулерге ешкім құлақ аспаған көрінеді. Бәрі ескі, қауіпсіздік ережелері сақталмаған, бөлмелерде азық-түлік сақтайтын тоңазытқыш та жоқ болып шықты. Одан бөлек жатақхананың екі қабаты түгелімен тұрғындарға жалға берілген.
Мәди АХМЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "NUR OTAN" ПАРТИЯСЫ ЖАСТАРДЫ ҚОЛДАУ ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕСТІҢ ТӨРАҒАСЫ:
Бір жарым жыл студенттер онлайн-қашықтықтан оқып отырды. Бір жарым жылдың ішінде ретке келтіруге болатын еді. Бұл жерге біз биыл емес, былтыр да келген болатынбыз. Дәл осындай мониторингпен, "Jas Otan" Жастар қанатының бастамасымен. Бірақ біз жасап кеткен ескертулердің біршамасы орындалған, мойындау керек. Бірақ біршамасы әлі ақсаңдап, өз деңгейінде орындалып отырған жоқ.
Нұржан ЖЕТПІСБАЕВ, "JAS OTAN" ЖАСТАР ҚАНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Қауіпсіздік ережелері сақталмаған, біріншіден, екіншіден жалпы адами қауіпсіздік ережелері. Түрлі санаттағы адамдар тұрып жатыр, үлкен ересек адамдар, студент жастар. Терезелерін көрдіңіздер, есігін көрдіңіздер. Шыныменде адам тұратын жағдай деп айту өте қиын.
Кіре-берістен көңілдері толмаған партия мүшелері, жатақханадан шыққанға дейін барлық нәрсені жіті қадағалаумен болды. Ал мекеме басшылығы әрнәрседен сытылып шығып кетуге тырысты.
Қаржы академиясының жатақханасында жағдай басқа. Санитарлық талаптар, қауіпсіздік ережелері сақталған. Бірақ жөндеу жұмыстарын қажет етеді екен.
Борис ПАРСЕГОВ, «ҚАРЖЫ АКАДЕМИЯСЫ» АҚ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
Жатақхана 2020 жылдың наурызынан 2021 жылдың қыркүйегіне дейін жабылды. Жатақхананы ұстап тұру өз қалтамызға түсті. Біз жылуды сөндіре алмадық. Электр энергиясын тұтындық. Мұның бәрі ақшаны талап етеді, ал табыс жоқ. Бұл академияның жалпы қаржылық нәтижелеріне ауыртпалық болды.
"Jas Otan-дықтар" ел жастарының жәйлі жерде тұрып, алаңсыз білім алуына барынша жағдай жасалса дейді. Сондықтан жатақханалардағы жағдайды назарға алған. Талаптарға сай келмейтін студенттер үйі басшылығына қатаң ескертулер жасалды.
А. Базарбай