Русский Сайттың толық нұсқасы

Көпбалалы аналарға арналған мекере ұйымдастырылды

  • AstanaTV
  • 10 қыркүйек 2021
  • 2777

Пайдалы семинарлар,концерт пен көңіл көтеретін сыйлықтар. Елімізде  дәстүрлі түрде қыркүйектің 2- жексенбісінде тойланатын Отбасы күні елордада басталып кетті. Осы күні астаналық «Жанұя» отбасыны қолдау институты орталығы көпбалалы әрі жалғызбасты аналарға арнап бірнеше іс-шара өткізді. Бүгінгі мерекелік кездесудің соңы көтеріңкі көңіл-күйге ұласты.

Отбасы күніне орай жанұяны қолдау институты орталығы «Жанұя» жалғызбасты, әрі көпбалалы аналарға күш-жігер мен пайдалы ақпарат беретін бірнеше іс-шара ұйымдастырды. Мәселен, бүгінгі кездесуге осы жылы өткен «Мерейлі отбасы» жобасының жеңімпазы, 5 баланың үлгілі анасы Алма Сайлауқызы келді. Ол көпбалалы әйелдердің қоғамдағы рөлі туралы өз ойын айтты.

Алма САЙЛАУҚЫЗЫ, КӨПБАЛАЛЫ АНА, «МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ» ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ:

Көпбалалы ананың басқа аналарға қараған уақытта ең басты артықшылығы да сол әр баланы босанған сайын әлемге бір адам сыйлайды. Оның жауапкершілігін сезінеді. 1 баласы бар анамен 5 баласы бар ананың жауапкершілігі 5 есе көп мәселен. Тәжірибесі де 5 есе көп. Қайсысы қоғамға көбірек еңбегін сіңіре алады,өзіңіз есептеп көре берсеңіз болады.

Алманың пікірінше, іргесі берік отбасы кепілі – бақытты әйел. Ол әйел бақытының құпиялары тақырыбына арнап жазған кітабын «Жанұя» орталығына сыйлады. Ал, директор Әсемгүл Садырдың сөзінше, мекеменің басты мақсаты - ерлі -зайыптылар қандай өмірлік жағдайға тап болса да, отбасы институтын нығайтуға көмектесу.

Әсемгүл САДЫР, «ЖАНҰЯ» ОТБАСЫН ҚОЛДАУ ИНСТИТУТЫ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Өздеріңіз де байқаған боларсыздар, қоғамда әйелдердің күшейіп әрі тәуелсіз болып бара жатқаны белгілі. Олар тіпті, кейде өмірлік жарды қажет етпейді, өйткені балаларын өз беттерінше тәрбиелеп жатыр. Дегенмен, біз баланың толыққанды ортада тәрбиеленуі үшін күш-жігерімізді саламыз.


Бүгінгі шараға қатысқан келіншектерге балаларымен бірге ойын-сауық орталықтарына тегін баруға мүмкіндік беретін сертификаттар табысталды. Ал соңынан мерекелік концерт басталды. Меймандар мұндай кездесулер оларға күш-қуат пен ерекше көңіл-күй сыйлайтынын айтты.

Ләйлә БЕСПАЕВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Өте үлкен көмегі тиді. Бүгін келгеніме қуанып тұрмын. Өмір сүруге құлшынысым артты. Мүшкіл жағдайыңды ойлап, қиналмайсың. Осындай мерекенің болғаны қуанышты.

Айта кетейік, бұған дейін «Жанұя» орталығы өз қамқорындағыларға ақтөбелік табысты медиаторлардың бірімен отбасын татуластыру туралы тренинг өткізген еді. Өйткені, бұл тақырып үлкен сұранысқа ие. Енді орталық басшылығы онымен астаналық отбасыларды қолдау үшін тұрақты түрде серіктес болуға ниетті.

Л. Қуанышқызы