Русский Сайттың толық нұсқасы

Енді екпеден бас тартқандар айыппұл төлеуі мүмкін

  • AstanaTV
  • 23 тамыз 2017
  • 3023

Енді баласына екпе салдырудан бас тартқан ата-аналар жауапқа тартылуы мүмкін. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі жаңа заң жобасын қыркүйекте парламентке таныстырмақ. Жыл сайын екпеден бас тартатындар саны артып барады. Әсіресе, мұндай ата-аналар Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау облыстарында көп. Олар не себептен екпеден бас тартады? Жақсыбек Кемал тарқатады.

Ақтөбе облысында соңғы он жылда баласына екпе салдырудан бас тартқан ата-аналар саны он есеге артқан. Олардың 68 пайызы себебін діни көзқарастарымен байланыстырған. Осылайша бұл өңір екпеден бас тартқандар көрсеткіші бойынша көш бастап тұр. Қазір екпе салдырмағандар саны 2 жарым мың шамасында. Дегенмен, мамандар олардың санын біршама азайттық деп отыр. 

Светлана Есенаманова, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

180 балаға, ана бұрынғы отказ жасағандарға, біз прививканы жасадық. Оның орнына 214 баланың анасы қайтып бас тартты. Сол себепті тек 50-ге өсіп отыр. Қазақстанда да, біздің облыста да 95 пайыздан көп балаларға прививка жасалған. Эпидемиологиялық ситуация жақсы. Бірақ мына мәселе - отказ ұлғая берсе, біздер ондай жағдайды жоғалтуымыз мүмкін. Сол себептен заң жағынан да бір өзгерістер болуы тиісті деп ойлаймыз.

Екпеден бас тартушылар соңғы 4-5 жыл ішінде еселеп артқан. Ақтауда жыл басынан бері 1 016-ға екпе салдырмаған. Мемлекеттік мекемелер мен дінтанушылар, дәрігерлер ауқымды жұмыс жүргізіп отырғанның өзінде жағдай мәз емес.

Жадыра Тілеубергенова, облыстық әлеуметтік денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы:

411 адам, яғни 40 пайызы діни көзқарасы бойынша, 44 пайызы жеке сенімі үшін,  12 пайызы вакцинаға сенбегендіктен, ал 33 адам ғаламтор мен БАҚ құралдарындағы жағымсыз ақпараттарға сенгені үшін бас тартқан. Екпеден соң шағым айтқандар болған жоқ.

Ақтау қаласының тұрғыны сапасыз вакцинаның зардабын тартқанын айтады. Оның сөзінше, перзентханадан алған екпеден соң, нәрестесінің денесінде қызыл дақтар пайда болған. Оған дәрігерлер мән бермегендіктен, жас ана одан кейін екпе алудан үзілді-кесілді бас тартқан.

Ақтау қаласының тұрғыны:

Мен өз балаларыма екпе жасатпаймын. Себебі мұнда қандай вакцина әкелетінін білмеймін. Оның баламның денсаулығына оң әсер ететініне сенімді емеспін.

Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі қыркүйекте парламентке таныстыратын заң жобасы қазірдің өзінде қоғамның талқысына түсіп отыр. Министрлік өкілдері бұл тек діни көзқарасын алға тартатындардың себебінен туындаған мәселе емес екенін алға тартады.

Берік Арын, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрінің орынбасары:

Біз қазір жауапкершілік енгізуді ұсынып отырмыз. Бұл жұмыс тобының, оның ішінде Денсаулық сақтау министрлігінің ата-аналардың балаларына инфекциялық және паразиттерден жұғатын ауруларға қарсы екпе жасатуға деген жауапкершілігін арттыру. Бұл жерде үлкендер туралы сөз жоқ. Бұл тек діни тұрғыдағы мәселе емес. Әлеуметтік сауалнама қорытындысына сай, екпеден бас тартқандардың 45 пайызы діни емес себептерді алға тартқан. 

Жақсыбек Кемал, тілші:

Егер бұл заң жобасы қабылданар болса, екпеден бас тартқандар 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейтін болады. Ал тек өткен жылы елдегі 10 мыңдай ата-ана балаларына вакцина салдыртудан бас тартқан.

Жақсыбек КЕМАЛ