Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда жетімдер неге жаға жыртысты?

  • AstanaTV
  • 15 қыркүйек 2021
  • 3371

Алматыдағы жетімдерге арналған балалар үйінен шу шықты. Мекеменің 16 жастағы тәрбиеленушісін өзінің қатарласы аяусыз соққыға жыққан. Орталық директорының айтуынша, мұндай тәртіпсіздікке бұрынғы қызметкері жол берген. Әріптесім Әсем Лесбек тақырыпты тарқатады.

«Жанұя» кешеніндегі әлімжеттік, әлеуметтік желіде жылдам тарап кетті. Жетім балаларға арналған мекемеде тәрбиеленушілер өзара дауласып, тіпті қол көтерді. 16 жастағы қызды өзінен бір жас үлкен тәрбиеленуші аяусыз соққыға жыққан.

Мекеме директорының сөзінше, қыздардың жанжалы 3-ші қыркүйек күні болған. Бірақ одан күні кеше ғана хабардар болдым дейді. Өйткені тәрбие ісі жөніндегі бұрыңғы орынбасар мән-жәйді біле тұра, менен жасырған деп отыр.

Марина ДӘУЛЕТБЕКОВА, ЖЕТІМ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН «ЖАНҰЯ» МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН КЕШЕНІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:


Бұған дейін қызметкерлердің біреуі де, бұрынғы тәрбие ісі жөніндегі орынбасар Жазира да маған бұл жағдайды айтқан емес. Мен орынбасарымды өз міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін жақында жұмыстан шығарған едім. Енді маған өштесіп мына видеоны таратып отыр.


Орталыққа былтыр қазанда директор болып келгелі, біраз былықты анықтадым дейді басшы. Жұмысына салғырт қараған тәрбие ісі жөніндегі орынбасарды жұмыстан шеттеткен. Жұмыстан кеткен орынбасар, өз қателігін мойындайды.  

Жазира ШАПИЕВА, ЖЕТІМ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН «ЖАНҰЯ» МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН КЕШЕНІ ДИРЕКТОРДЫҢ ТӘРБИЕ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ БҰРЫНҒЫ ОРЫНБАСАРЫ:


Тәрбие ісі жөніндегі менің міндетім болғандықтан мен ол жаққа көңіл бөле аламадым. Үнемі тексеру жұмыстарының қағазын іздеймін, оларға тапсырыс етемін, сұрақ-жауапқа барамын. Сондықтан тәрбие жағы ақсады. Ұжымның арасында алауыздықтар туындады.


Жетімдердің жаға жыртысына не себеп болғанын, ешкім дөп басып айта алмайды. Білетіндері де жариялауға құлықсыз. Мұның ақ-қарасын анықтауға полиция араласты. Осы деректің негізінде тергеп тексеру жұмыстары басталды.   

Евгений ЛЫСЕНКО, АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Қалалық Полиция Департаменті жетім балалар үйінде болған жағдайды анықтады. 2004 және 2005 жылғы тәрбиеленушілер арасында жанжал шыққан. Қазіргі уақытта бұл факт бойынша тексерулер жүріп жатыр. Заңнамаға сәйкес шаралар қолданылатын болады.

Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:


Әйтсе де соққыға жығылған 16 жасар тәрбиеленушінің жағдайы бірқалыпты. Жасөспірімдер кінәләрін толық мойындаған. Жалпы орталықта 5 пен 18 жас арлығындағы 500-ден астам тәрбиеленуші бар. Олардың арасында 89 бала ата-анасының қамқорлығынсыз қалған.

Ә. Лесбек