Нұр-Сұлтанда үш мыңға жуық волонтер қаланың қоғамдық өміріне белсенді қатысады. Олардың дені -оқушылар мен студенттер. Жауаптылар волонтерлық балалардың жауапкершілігін арттырып қана қоймай, олардың тұлға болып қалыптасуына үлкен септігін тигізеді дейді.
Елордада 2014 жылдан бері екі мыңнан аса жас арнайы волонтерлік оқуды аяқтаған. Қоғамдық өмірдің түрлі бағытында белсенділік танытып жүргендердің бірі -Балдәурен Тұрғынқызы. Ол ерікті болуды өз еркімен таңдаған.
Балдәурен ТҰРҒЫНҚЫЗЫ, ВОЛОНТЕР:
Осы орта маған қатты ұнады. Адамдарға көмектесесін, неше түрлі көптеген қызықты іс-шаралар болады. Соларға қатысып көптеген тәжірибе алдым өзіме.
Еріктілерді қолдау шаралары жылдан жылға күшейе түсуде. Оның бір дәлелі-былтыр "Еріктілер" жылы жарияланды. 7 бағыт бойынша фронт-офистер жұмыс істейді. Волонтерлар үшін арнайы оқу курстары да бар.
Арайлым САПАРӘЛІ, ЖАСТАР БАСТАМАЛАРЫН ҚОЛДАУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Жақында ғана жастар саясаты мәселелерінің басқармасының қолдауымен 20-ға жуық волонтер 300 мың теңгеден тұратын шағын гранттар бөлінді. Яғни оның ішінде жаңағы қызықты деген ою-өрнектерді жасауды үйретуге арналған курстар, ағылшын тілін тегін оқыту бойынша курстар, азық-түлік себеттерін дәрі-дәрмектерді сатып алып тасымалдау бойынша шағын гранттар берілді.
Волонтерлардың халықаралық дәрежеде тәжірибе алмасу мүмкіндіктері де қарастырылған. "Бұл жастардың жаңа мүмкіндіктерін ашуға септігін тигізеді",-дейді мамандар.
Арайлым САПАРӘЛІ, ЖАСТАР БАСТАМАЛАРЫН ҚОЛДАУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Халқаралық дәрежеде тәжірибе алмасу жұмыстары болады. Жақында ғана Каспий медиа-форумы аясында волонтерларымыз экологиялық волонтерлар форумына қатысып келді. Астрахан қаласында өткен. Сол жерде басқа өзге ел волонтерлерімен тәжірибе алмасуға және өздерінің ойларымен бөлісе алады.
Волонтерлық - үлкен мүмкіндіктер алаңы. Белсенді жастар жаңа орта табады, пайдалы іспен айналысады, қоғамның дамуына үлес қосады. Және ол науқандық жұмыс емес, жүрегі қаласа, біреуге көмектесемін деген ниет болса, кез-келген адам волонтер бола алады.
Б. Сатуов