Русский Сайттың толық нұсқасы

Ауыр атлетші А.Линдердің өліміне қатысты жаңа жәйттер белгілі болды

  • AstanaTV
  • 20 қыркүйек 2021
  • 2098

Қазақстандық ауыр атлетші Альберт Линдердің өліміне қатысты жаңа деректер анықталды. Зілтеміршінің бауыры Семен Линдердің айтуынша, спортшының өзіне қол жұмсауына жеке бапкерінің қатысы болуы мүмкін. Бар-жоғы 25 жастағы чемпионның қазасынан соң, ауыр атлетшілер, саладағы кемшіліктерді жіпке тізді. Көпшілігі спорттағы жетістіктері болған - марапаттарын қоқысқа тастады.

Отандық ауыр атлетші, Азия чемпионы Альберт Линдер өткен жұмада көз жұмды. Спортшының өз-өзіне қол жұмсағанын марқұмның інісі хабарлады. Семен Линдер әлеуметтік желідегі парақшасында бауырының қазасына бапкері себеп болуы мүмкін дейді.

Семен ЛИНДЕР, МАРҚҰМНЫҢ БАУЫРЫ:

Альберт жаттығу кезінде қолын сындырып алды. Соған қарамастан жаттығуды үзбей, Қазақстан құрамасымен бірге жүрді. Ағамның қалай қиналғанын, 5 күн бойы нәр татпастан жаттығу жасағынын бәрі көрді. Кейін ешкім көмектеспестен, жанына адам қоспастан оны үйге жіберді. Мамандарға апармаған. Бұны оның жеке бапкері,әрі Қазақстан құрамасының аға бапкері істеп отыр.

Марқұмның інісі ағасының ауыр атлетикасыз қиналғанын айтады. Ұзақ уақыт елеусіз қалып күйзелісте жүрді дейді. Жаттықтырушысы бәрін біле тұра шара қолданбады деп отыр. Қайғыдан көкірегі қарс айрылған ол, ағасының медальдерін жерге көмді. Осыдан соң, отандық ауыр атлетшілер де жүлделерін қоқысқа тастады.

Михаил МАКЕЕВ, ҚР АУЫР АТЛЕТШІ:


Мына медальдердің енді маған керегі жоқ. Халқым үшін емес, кей адамдардың пайдасы үшін көп жыл маңдай терімді төгіп еңбектеніп, жаттығып, жарыстарға қатысқанымды біле тұра, бұл медальдерді енді қалдыра алмаймын.

Фархат САМАРХАНОВ, ҚР АУЫР АТЛЕТШІ:

Біреулер кетеді, біреулер келеді. Сондықтан қазір спортпен шұғылданып, жетістікке ұмтылып жүргендерге айтарым, сендердің де орындарыңа басқалар келеді. Ал мына медальдер енді маған керек емес.

Қапыда көз жұмған зілтеміршінің өлімі жайында, Илья Ильянде пікір білдірді. Айтуынша, спортшылардың психологиялық және физикалық жарақаты болады.

Илья ИЛЬИН, АУЫР АТЛЕТИКАДАН ТӨРТ ДҮРКІН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ:

Бізде спорт медицинасы қалағанымыздай емес. Сондықтан да спортшыларымыздан айырылып жатырмыз. Өйткені карьераны аяқтағаннан кейін біз ешкімге керек емеспіз. Қолдау да жоқ. Тіпті қалыпқа келтіруге арналған спорттық орталықтар жоқ. Бұл өте өкінішті.

Әйтсе де ауыр атлетшінің бауыры қайғылы оқиғаның назардан тыс қалмауын сұрайды. Кінәлілер анықталып, әділ жазаланса дейді. Федарация бұл оқиға бойынша тексеруді бастағанын хабарлады.

ҚР АУЫР АТЛЕТИКА ФЕДЕРАЦИЯСЫ:

Альберт Линдердің ағасы және басқа да спортшылар әлеуметтік желілеріне жаттықтырушыларға арнап сын жазған, Федерация өз кезегінде бұл істі бақылауға алуға және әрбір айыптау бойынша тексеріс жасайтын болады.


Тексеру кезінде федерация өкілдері әрбір атлетпен байланысамыз дейді.  Әйтсе де облыстық Полиция ауыр атлетшінің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғаған.

Әбілтай ӘБЕНОВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:


Факт бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 105-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда сот медициналық экспертизасы тағайындалды. Қылмыстық іс жүргізілуде.


Яғни полиция зілтеміршінің қазасын «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша сот алды тергеуде. Естеріңізде салсақ, марқұм Альберт Линдер 2017 жылы Ашхабад қаласында өткен Азия чемпионатында топ жарды.

Ә. Лесбек