Русский Сайттың толық нұсқасы

Нұр-Сұлтанда мүмкіндігі шектеулі жандарға ақысыз қызметтер көрсетіледі

  • AstanaTV
  • 20 қыркүйек 2021
  • 2057

Нұр-Сұлтанда мүмкіндігі шектеулі жандарға ақысыз қызметтер көрсетіледі. Олардың қатарында массаж, жаттығу терапиясы сияқты маңызды оңалту шаралары бар. Ерекше жандарға көмек көрсететін орталықтың ашылғанына әлі бір жыл болмаған. Десе де, жасалып жатқан ем-дом нәтижесін бере бастапты. Мекеме қызметкерлері  орталық туралы білмейтін, көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетуге дайынбыз, дейді. Толығырақ тілші материалында.

Ғабиден Бәденов-29 жаста.  Биыл инсульт алған. Аяқ-қолы  дұрыс жұмыс  істемейді. Қазір қарқынды ем алып жүр. Бар қиындық артта қалып, тәуір болып кететініне үмітті.  Орталыққа келгенге дейін Ғабиден арбаның көмегімен жүрген. Қазір балдаққа көштім, дейді.

Ғабиден БӘДЕНОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Менде аневризма болды бірінші, одан кейін инсульт алдым. Енді костельді де тастаймын деп отырмын Құдай қаласа екі аптаның ішінде. Керемет жақсы сезінемін бірінші, екінші, үшінші күндері ЛФК массаж аламын, төртінші күндері бассейн, бесінші күндері иппотерапия.   


Ал, Әлібек Бегалин бұл орталыққа Қостанай облысынан қатынайды. Ем алып жүргеніне 7 айға жуық уақыт болған. Бірнеше жыл бұрын инсульт алған, оған қоса жүрегі ауырады. Бұл оңалту орталығын таныстары арқылы тауыпты. Мекеме қызметкерлеріне айтар алғысы зор.  

Әбдібек БЕГАЛИН, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Таңғы 9-да келемін, содан кешкі сағат 3-4-ке дейін жүремін. Массажымды аламын, ЛФК-ны аламын, треножорымды аламын. Жүре алмайтын едім, қазір Аллаға шүкір жүріп жүрмін өз бетіммен.


Орталықта көрсетілетін  қызметтер жартылай стационарлық негізде тегін. Келушілер санына шектеу қойылмаған. Мекеме қала әкімдігі мен жеке инвесторлар тарапынан қаржыландырады. Мұнда тірек -қимыл аппараты бұзылған адамдар орталығынан бөлек, психикалық ауытқуы бар балаларға арналған балабақша, сондай -ақ есту қабілеті бұзылған адамдарға диспетчерлік қызмет көрсетіледі.

Жасұлан ЖАСАНОВ, "АСТ АСТАНА ӘЛЕУМЕТТІК ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ" ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІК ТӨРАҒАСЫ:

Менде есту қабілеті нашар. Мен көптеген өмірлік қиындықтарды бастан өткердім. Сондықтан адамдарға оңалту орталығын ашқым келді.

Қазір мұнда 60 адамға қызмет көрсетіледі. Болашақта келушілердің санын арттыру  жоспарда бар.  Ал, орталық өкілдері мүмкіндігінше оңалту мекемесі туралы көп адамның білгенін қалайды.

А. Данияр