Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанда той жасауға рұқсат берілді

  • AstanaTV
  • 21 қыркүйек 2021
  • 1843

Қазақстанда той жасауға рұқсат берілді. Тек бір шартпен: кәсіпкерлер "Ашық" бағдарламасын пайдалану керек.  Ереже келушілерге қатысты. Бұл туралы  ведомствоаралық комиссия отырысында айтылды. Өзгерістер келесі аптадан бастап жүзеге асады. Өкінішке қарай, карантин жеңілдеген тұста елде коронавирустың тағы бір жаңа түрі пайда болды. Толығырақ әріптесім Асылбек Даниярдың материалында.

"Қазақтың тойы бітпесін" деген сөз пандемия басталғалы сирек қолданылатын болды. Үкімет той-томалақ өткізуге тыйым салған еді.  Бірақ, халықтың бұл ережеге бағынғаны шамалы. Бірі жертөлеге түсіп думандатса, кейбірі салтанаттық жиынын таңертең өткізуге көшті. Мониторингтік топ өкілдері қаншама отбасылық мерекенің үстінен түсіп, шырқын да бұзды.  Сонда да нәтиже болмаған соң ба, әлде ауырғандар азайғаннан ба жауаптылар бұл шектеуді алып тастамақ.

ҚР ДСМ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІ:

"Жасыл" аймақтағы өңірлер тойды, отбасылық мерекелер мен конференция, ойын-сауық іс-шараларын 100 адамнан асырмай өткізуі шарт. Талап бойынша, "сары" аймақта 70, "қызыл" аймақта 50 келушіден асырмау керек.


Сонымен бірге, көрмелерді өткізуге, ашық ауадағы марафондарға, спорттық шараларға, сауықтыру орталығының жұмысына, мешіттерде жұма намазын оқуға, ойын клубтарының қызметтеріне рұқсат етілді. Бастысы, халық саны көрсетілген мөлшерден аспау керек.

Ал, коронавирус салдарынан әуе қатынасы тоқтаған 16 елмен рейстер қайта ашылады және көбейту жоспарланып отыр. Эпид ахуалы жақсарған, вакциналау жоғары деңгейде жүргізілген мемлекеттермен визасыз режим енгізілмек. Бұдан бөлек, ведомствоаралық комиссия отырысында Алексей Цой елде коронавирустың жаңа штаммы пайда болғанын айтты. Оны 5 адам жұқтырған.

Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Денсаулық сақтау министрлігі биыл шілде-тамызда коронавирус науқастарынан алынған оң зертханалық үлгілерді секвенирлеу әдісімен коронавирус инфекциясына генетикалық зерттеу жүргізген. Eta "Нигерия" штаммының айналымы 4 өңірде анықталған.

Ал Павлодарда енді екпе алмаған өндірістік кәсіпорын қызметкерлері жұмысқа кіргізілмейді. Немесе апта сайын ПТР сынамасы талап етіледі.   Республикалық комитеттің ресми өкілінің айтуынша, жақында барлық облыстың қоғамдық орындарында вакциналау пункттері ашылады.

Ержан БАЙТАНАЕВ, ҚР ДСМ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Халықтың вакцинацияға деген ықыласын кеше біраз аралап, халықпен сөйлесіп көрген кезде халықтың ынтасы бар, көтеріледі деген ойдамыз. Ертеңгі күннен бастап әуежай, теміржол вокзалдарында және базарларда вакцинациялау пунктері ашылады. Кез келген адамның кез келген уақытта барып, вакцинаны қабылдауына болады.

Елде екпе салдыруы керек тұрғындардың 62 пайызы вакцина алған. Содан болса керек, эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасы да қалыпқа келе бастады. Республика бойынша "жасыл" аймаққа 3 облыс қайта оралды. Денсаулық сақтау министрлігі әлі 7 өңірдің "сары", 7 өңірдің "қызыл" белдеуде екенін хабарлады.

А. Данияр