Русский Сайттың толық нұсқасы

Елорда көшелерінің 90 пайызына қазақша атау берілген

  • AstanaTV
  • 22 қыркүйек 2021
  • 2204

Елордада мыңнан астам көшеге тарихи тұлғалар мен жер-су аттары берілген. Ол үшін арнайы ономастикалық комиссия құрылған. Құрамына белгілі тарихшы ғалымдар, өлкетанушылар мен мемлекеттік құрылымдардың басшылары кіреді. Атқарылып жатқан қызметтің аясында биыл Елордада 10 мектеп пен театрға және филлормонияға жаңа атау берілмек. Толығырақ тілші Ақбота Базарбай тарқатады.

Елордада көше атауларының басым бөлігі, Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана қазақшаланған. 90 пайызы ұлы тұлғалар мен тарихи жер-су атауларына ауыстырылыпты. Биыл жыл басынан бері тағы 50 көшеге жобалық ат берілген.

Сәкен ЕСІРКЕП, НҰР-СҰЛТАН қ. ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ МҰРАҒАТ ІСІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Бізде Нұр-Сұлтан қаласында қазіргі таңда берілген 1113 көше бар. Оның басым көпшілігі осы тәуелсіздік жылдары, әсіресе, 97 жылдардан бері аты берілген көшелер. Олардың 90 пайыздан астамы қазақи нақышта, ұлы тұлғаларымыздың, тарихи тұлғаларымыздың және тарихи жер-су аттарының құрметіне берілген көше аттары.

Ескі қаладан қалған бірер көше қазақшаға аударылып, көбісіне жаңа атау берілді. Жергілікті тұрғындардың кейбірі жаңа атауларға әлі де үйренісе алмаса, кейбірі мақтанышпен айтады.

БЛИЦ:

- Өзіміздің ұлттық намысымен де қазақ өз тілімізбен жақсы көреміз аталғанды.

- Өзгеру керек орысшадан қазақшаға. Қазіргі осы заманға сай қазақ тіліндегі сөздерді қолдануымыз қажет деп ойлаймын.

- Жергілікті тұрғын ретінде ескі көше атауларының бәрі мен үшін қалыпты. Мен бәрін білем. Мысалы мына көше бұрынғы Октябрь көшесі, қазір Әуезов.


Ал тіл басқармасындағы ономастика бөлімінің мамандары өз істеріне өте жауапкершілікпен қарайды. Ескі қаладан қалған орысша атауларды ел құндылығы мен тарихын дәріптейтін жаңа атаулармен алмастыру болашақ үшін де, ел үшін де аса маңызды дейді.

Дәулеткерей КӘПҰЛЫ, АҚЫН, ӘДЕБИЕТТАНУШЫ:

Біз Тәуелсіздіктің 30 жылдығында келдік, кезінде бұл қазіргі тұрған Нұр-Сұлтан қаласының арғы жағында Ақмола, Целиноград жатыр. Сол кезде ертеден қойылған атауларды қазір қайтадан қарап, қазақыландыру жөнінде Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі үнемі оң шешім қабылдап отырады. Біз осы оң шешім қабылдауына әрекет жасап отырамыз комиссия мүшелері.   

Ел тарихын дәріптеп, ұлы тұлғалардың есімін жаңғырту мемлекет беделі үшін маңызды екені сөзсіз. Алдағы уақытта Елордада салынып жатқан жаңа даңғылдар мен көшелерге де атаулар берілмек.

А. Базарбай