Русский Сайттың толық нұсқасы

Жиналған астық шіріп кетуі мүмкін

  • AstanaTV
  • 27 қыркүйек 2021
  • 3799

Солтүстік өңірлерде жиналған астық шіріп кетуі мүмкін. Диқандар дабыл қағуда. Өйткені,  дәнді дақылды кептіретін қондырғылар тек көгілдір отынмен жұмыс істейді.  Ал газ -тапшы. Соның салдарынан астық сақтау қоймаларындағы бидай бүлініп жатыр. Газ жетіспеушілігі неден туындады? Құзырлы орындар не дейді?  Аймақтағы тілшілеріміз мәселенің мән-жайын білуге тырысты.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:


Павлодар облысында 5 мың тоннадан астам астық шіріп кетуі мүмкін.  Өйткені өңірде бидай кептіретін қондырғыларға құятын газ тапшы. Соның салдарынан диқандар жаз бойы баптаған   өнімін   қамбаға құя алмай отыр.

Бұл -облыстағы ірі шаруашылықтардың бірі. Астық бастыру жұмыстары бірнеше күннен бері тоқтап тұр.  

Николай МИЛЛЕР, ДИҚАН:

Қамбада 5 мың тоннадан астам астық жатыр. Егер бір аптаның ішінде бұл мәселе шешілмесе, қаншама бидайымыз шіріп кетейін деп тұр. Сондықтан, құзырлы органдардан көмек сұраймын. Бидайды жоғалтсақ нансыз қалуымыз мүмкін.


Диқан жаз бойы баптап өсірген өнімінің көз алдында күйіп бара жатқанына қапалы.   Бидайды уақытылы кептіріп үлгермесе, жарамсыз болып қалуы мүмкін. Ал шіріп кеткен астықты малдың өзі жемейді.

Олег ПЕТУШИН, БИДАЙ КЕПТІРЕТІН ҚОНДЫРҒЫЛАРҒА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУШІ КОМПАНИЯ ӨКІЛІ:


«Абай» шаруашылығында бидай көгеріп жатыр. Ал бұны кептіруге газ жоқ. Қордағы отын таусылды. Ал нарықтан газ таба алмай отырмыз. Өте қиын жағдай болып тұр.


Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Қазан айында Павлодар мұнай зауыты жоспарлы жөндеуден өтеді.  Сондықтан бұл мәселенің жақын күндері шешіле қоюы екі талай.  Ал шіріген бидайды диқандар қоқыс алаңына жібергеннен басқа амал жоқ – деп отыр. Өзге өңірлерде жағдай қалай болып жатыр, сөз Қызылжардағы әріптесім Абзалда.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:
 
Иа Өзгеріс, Қызылжарда да алып кәсіпорындар  қиналып отыр.   Онсызда аз жиналған бидай күйіп кетуі ықтимал. Қаладағы ірі диірмендер осымен екі аптадан бері аулада жатқан дымқыл бидайды кептіре алмай әуре. Дизельдік отын жетіспеген соң   ұн фабрикалары газға көшкен еді. Енді сұйық отынның бұл түрі де тапшы болып тұр.  

Таисия КОЛЕГОВА, ДИІРМЕННІҢ КОММЕРЦИЯЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:

Бидай танап басынан дымқыл қалпында келеді. Оны тез арада кептіріп, өңдеу керек. Аулада 400 тонна астық жатыр. Жаңбыр жауса, бірден бүлініп кетеді. Биліктегілер мұндай қиын-қыстау заманда кәсіпкерлерге септесудің орнына, газ тапшылығын басымызға сор қып берді.

Жергілікті билік өкілдері тапшылықты құзырлы министрлік енгізген жаңа жүйемен түсіндіреді. Энергетика министрлігі күні бүгінге дейін аймақтарға көгілдір отынды тапсырысқа сәйкес үлестіріп келген. Енді жаңадан енгізілген жүйе бойынша олар елдегі сұйытылған газдың 40 пайызын квотамен беріп, қалғанын электронды биржаға шығарған.

Ерлан ҚАЙЫРБЕКОВ, СҚО ТҮКШ ЖӘНЕ ЭНЕРГЕТИКА БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:


Газбен қамту компаниялары электронды сауда-саттық кезінде өнімді сатып алуға үлгермей қалды. Сондықтан оларда газ дефициті пайда болды. Біздің аймақ ай сайын газдың 5800 тоннасын тұтынады.Қазір өнім таусылып бара жатқасын, біз энергетика министрлігінен қосымша 1,5 мың тонна сұрадық. Құзырлы орган бізге бұл көлемді бірден бөлді.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Шенеуніктердің айтуынша, аймақтық газ операторлары ай қарап отырмай, электронды алаңда өнімді бірден талап алса,  газ дефициті болмайды. Алайда цифрлық форматтың кемшіліктері жайында ешкім ойламаса керек. Айта кету керек, осы қарбалас кезеңде сұйытылған газдың бағасы тағы шарықтап, 93 теңгеге  жеткен.

Ө. Қуанар