Мәжіліс депутаты Мәди Ахметов студенттерге дұрыс жағдай жасалмайтынына наразы. Бұл туралы ол «Нұр Отан» партиясы жанындағы Жастарды қолдау республикалық қоғамдық кеңесінде айтты. Нақты нәтижеден гөрі қағаз жүзінде жазылған жоспарлар көп деді ол. Жатақханалардың 70 пайызы күрделі жөндеуді қажет етеді, ал бірқатары тіпті өмір сүруге жарамсыз.
Мәди АХМЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "NUR OTAN" ПАРТИЯСЫ ЖАСТАРДЫ ҚОЛДАУ ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕСТІҢ ТӨРАҒАСЫ:
Тәуелсіздік алған сәттен бастап, осы 30 жылдың ішінде еліміз бойынша жаңадан бой көтерген жатақханалар саны тек қана 137-ні құрап отыр. Қателеспесем біздің қаржы орталығы берген ақпартқа сәйкес 2008 бен 2018 жылдардың арасында салынған жатақхананың саны 10 жатақханадан аспайды. Енді соңғы жылдары өзгеріс бар, салынып жатыр, бірақ енді кемшіліктер де жоқ емес.
Білім және ғылым вице-министрінің дерегінше, өткен жылы 20 мың орындық 75 жатақхана пайдалануға берілген. Бірақ биыл 7600 орын ғана берілмек. Оған себеп - құрылыс материалдарының бағасының күрт өсуі мен карантиндік шектеулер дейді. Бұл орайда жоғары оқу орындары студенттерге жатақханадан орын беруге міндетті екендігін, ал проблемалар туындаған жағдайда сенім телефондары арқылы облыстық білім басқармаларына хабарласа алатынын айтты.
Бибігүл АСЫЛОВА, ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Биыл 2500 орындық 12 студенттік үй салынды. Инвесторларды қарқынды тарту үшін біз көп қалаларда реконструкциялау үшін мемлекеттік төлемді 47 айлық есептік көрсеткіштен 92 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтуды ұсынамыз. Сондай -ақ, біз жаңа ғимараттардың құрылысына мемлекеттік тапсырыс төлемдерінің көлемін 25% -ға арттыруды ұсынамыз.
Кездесу барысында жатақханалардың жағдайы бойынша жоғары оқу орындарының көрсеткіші жасалатыны айтылды. Кеңес мүшелерінің айтуынша, бұл жоғары оқу орындарының жұмыс сапасына оң әсерін тигізіп қана қоймай, оқуға түскен талапкерлер үшін де қосымша ақпарат көзіне айналмақ.
А. Базарбай