«Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Елбасы тапсырмасы бойынша Қарағанды облысына барып, сайлауалды бағдарламалардың орындалу барысымен танысты. Оның айтуынша облыста 5 жылға жоспарланған іс-шараның 25 пайызы жүзеге асырылған. Жыл басынан бері 308 мың шаршы метр тұрғын үй, 72 шақырым газ құбыры, 46 шақырым су құбыры және кәріз желілері салынған, 1,4 мың шақырым жол жөндеуден өткен. Сайлауалды бағдарламада ауылдық жерлердегі дарынды балаларды анықтап, қолдау көрсетуге ерекше назар аударылған. Соның аясында Осакаровка кентіндегі «Жастар» балалар-жасөспірімдер орталығы жанындағы жаңартылған техно орталықта күрделі жөндеу жүргізіліп, заманауи жабдық сатып алынған. Енді мұнда 600 білім алушы үшін 26 тегін үйірме бар. Бауыржан Байбек филиал төрағасы, облыс әкімі Жеңіс Қасымбекпен бірге орталықты аралады. Қарттар күні қарсаңында «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Қарағандыда «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында ашылған Белсенді ұзақ өмір орталығында болды.
Бауыржан БАЙБЕК, "NUR OTAN" ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
Осындай белсенді ұзақ ғұмыр орталықтардың негізгі мақсаты егде жастағы азаматтар келіп, өзінің сұрақтарын қою мәселесі. Мына "бір терезе" қағидаты бойынша орталық болу керек. Елбасы өзі тапсырып, Қазақстан бойынша біз айттық әрбір ауданда, әрбір қалаларда осындай орталықтар болу керек.
Раушан КҮНІМБАЕВА, ЕРІКТІ:
«Нұр Отан» жобасының арқасында біз мұнда тек бос уақытымызды өткізбейміз. Адамдар жазылып жатыр. Олар алғашында таяққа сүйеніп келген. Қазір бізде ғылым кандидаты сауықтыру дене тәрбиесін жүргізеді. Ол да ерікті. Біз бір жылдың ішінде осындай нәтижеге жеттік.
Бауыржан Байбек партияның сайлауалды бағдарламасының тағы бір маңызды бағыты – ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау екенін атап өтті. Осы бастаманы жүзеге асыруға «Болашақ» корпоративтік қоры өлшеусіз үлес қосуда. Өңірлерде 59 мамандандырылған оңалту мекемелерін ашып, жабдықтаған, оның ішінде 22 қалада 43 инклюзияны қолдау кабинетін ашқан. 2 мыңнан астам ерекше білім алуға қажеттілігі бар бала қамтылған. Бауыржан Байбек ерекше балалардың ата-аналарына «Болашақ» қоры ағылшын тілінен қазақ тіліне тікелей дубляждаған мультфильмдердің дискілерін тарту етті. Партия мүшелері үшін 2025 жылға дейін білім беру ұйымдарының 70 пайызында инклюзивті білім беруді ендіру міндеті қойылған. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары сондай-ақ Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында сайлауалды уәделердің іске асырылу барысын қарастырып, онлайн-форматта кеңес өткізді. Талдау көрсетіп отырғандай, кейбір тармақтар бойынша кейбір жұмыстар жыл соңына дейін орындалмай қалу қаупі бар. Бауыржан Байбек филиалдар басшылығы мен мәслихаттардағы фракциялардың назарын осы бағыттағы жұмыстарды күшейту қажеттігіне аударды.
А. Базарбай