Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматы облысы Дауан ауылында балалар апатты мектепте оқып жүр

  • AstanaTV
  • 29 қыркүйек 2021
  • 2577

Есті шығарған ескі мектеп. Алматы облысында балалар апатты жағдайдағы мектепте оқып жүр. Долан ауылдық білім ордасы осыдан 70 жыл бұрын пайдалануға берілген. 70 балаға арналған ғимаратта қазір 250-ден астам оқушы білім алады. Асхана, кітапхана, тіпті спортзалы да жоқ мектепке тілшіміз  Әсем Лесбек барып келді.

Оқу  басталғалы  доландықтардан маза қашты. Ауылдағы жалғыз әрі апатты мектептің мәселесі биыл да шешілмеген. Алғашқыда небәрі 6 бөлмелік үй боп салынған ғимарат балалар үшін қауіпті дейді ата-аналар.  

Жазира ЖОМАРТ, ДОЛАН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Үстінің бәрін шпалдың бәрін пролкамен байлаған. Ішінде туалеті де жоқ. Асхана бізде мүлдем жоқ. Мына жерден кирешки, чипсы үңкей жегендері сондай. Денсаулығын қатерге тігіп тұрмыз біз балаларымыздың.

Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:

1948-ші жылы салынған мектеп негізінен 70-оқушыға арналған. Бірақ қазір мұнда 250-ден астам бастауыштың балғындары білім алады. Оқушыларға сабақ 3-ауысыммен мынадай қуықтай бөлмелерде өтеді. Ал мына дәлізде тұрған үстелдер мұғалімдер бөлмесі екен.

Яғни ұстаздар осы кіреберісте отырып сынып журналын толтырады. Білім ордасында кітапхана, асхана, спортзал жоқ. Дәретхана -аулада.  Жарық та кейде болмай қалатын көрінеді.  

Амангүл ЕГЕУБЕКОВА, ДОЛАН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Соңғы екі жылда апатты боп танылды мына жер. Кешеден бастап баламды мектепке жіберген жоқпын. Бізге жаңа мектеп салсын. Әкімге барып, барып аяғымыз тозып шаршап біттік. Құрғақ уәденің бізге керегі жоқ.

Алмабек ҮСЕНБАЕВ, ДОЛАН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Әй ағайын мына халықтың балаларын неге елемейсіңдер. Немерелерің, шөберелерің ғой. Келешек қанатымыз, қуатымыз ғой. Уәде қайда. Балалар қиналып кетті.


Шулаған ата-аналарды көрген соң мектеп басшылығы тәртіп сақшыларын шақырды.  Бірақ, директор мектептің ескі екенін растады.  "Тек бүгін-ертен құлайды дегенмен келіспеймін деді.

Гүлнәр РАИСОВА, ДОЛАН АУЫЛДЫҚ БАСТАУЫШ МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Соңғы рет жөндеу 2008 жылы болды. Мектептің төбесі құлайды деген әңгіме ол өтірік әңгіме. Құламайды. Күнделікті сабақ өз уақытында басталып, өз уақытында аяқталады. Асхана жоқ, буфет жоқ, кітапхана жоқ.


Бастауыш сыныптарға арналған мектепте 27 мұғалім бар. 4-сыныпты бітірген соң балалар көрші ауылдарға қатынап оқиды.   Билік өкілдерінің айтуынша, жаңа мектеп салынады.  Ол үшін 2 жарым гектар жер сатып алынған.  Бірақ құрылыс бастауға қаражат жоқ.

Жарас ҚАТУБАЕВ, ҚАРАСАЙ АУДАНЫ ӘКІМДІГІ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:


Қаражат қазір бөлінген жағдайда ашық конкурс жүргізілсе енді әрине ол жылдың аяғына дейін бітпейді. 22-ші жылы құрылысы басталады, 23-ші жылы аяқталады. Мен құрылысшы ретінде айтамын бұл  ғимарат желтоқсан  айына дейін  құлап қалмайды.

Десе де тұрғындардың бұған сенгісі жоқ. Жаңа мектеп салынбайынша, тынышталмаймыз дейді.  Енді Президентке   хат жазбақшы.

Ә. Лесбек