Русский Сайттың толық нұсқасы

Ыбырай елінде ұлағатты ұстаздар марапатталды

  • AstanaTV
  • 29 қыркүйек 2021
  • 1367

Ыбырай мұрасы  мен педагогикалық принциптері әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Ұлы ағартушының еңбектерін қазіргі  білім жүйесіне енгізу керек. Қостанайда ғылыми-тәжірибелік конференцияда  бас қосқан  ғалымдар мен ұлағатты ұстаздар осылай дейді.  Өңірде тәуелсіздіктің 30 жылдығына және  Ыбырай Алтынсариннің туғанына 180 жыл толуына орай ауқымды іс-шаралар өтуде. Соның бірі -халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция.
   
Басқосуға  шетелдік ғалымдар да   қатысып,  білім беру саласындағы келелі мәселелер туралы пікір білдірді. Педагогика ғылымының басым бағыттарын талқылады.  Қазіргі тұста тұңғыш ағартушы Алтынсарин идеяларын сақтаудың маңыздылығы айтылды.

Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІ:

Қазіргі уақытта болып жатқан барлық өзгерістерге жауап беріп отырған идеялары, педагогикалық принциптері бар. Сондықтан әрине біз алға жылжимыз десек осы біздің ұлы педагогтеріміз  Ахмет Байтұрсынұлы, Ыбырай Алтынсарин сияқты  ұлы перзентеріміздің мұрасын зерттеуіміз  керек.Олардың ары қарай осы жұмысын жалғастыруымыз керек  екені сөзсіз.

Тобыл төрінде  республикалық «Үздік педагог-2021» байқауының жеңімпаздары белгілі болды. Бірқатар ұстазға «Ыбырай Алтынсарин» және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілері табысталды. Еңбек ардагерлері де назардан тыс қалған жоқ.

Архимед МҰХАМБЕТОВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:


Республикалық байқаудың ел Тәуелсіздігінің 30-жылдығы мен тұңғыш ағартушы Ыбырай Алтынсариннің мерейтойы аясында, оның туған жерінде өткізілуі – байқау мәртебесін одан әрі асқақтатыны сөзсіз.Ыбырай Алтынсариннің «Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені, мұғалім – мектептің жүрегі» деген қанатты сөзі осы уақытқа дейін мәнін жоғалтқан жоқ.

Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 64 мұғалім   министрдің  қолынан жүлде алып, арнайы сертификатқа ие болды. Үздіктер  қатарында география пәнінің мұғалімі Сарвар Құлметов те бар.

Сарвар ҚҰЛМЕТОВ, «ҮЗДІК ПЕДАГОГ-2021» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ:

Пандемия кезінде бір жыл телеарналар арқылы сабақ бердім. Сонымен  қатар Нұр-Сұлтан қаласынының білім беруді жаңғырту орталығымен өткізілген магистр сағаты жобасына қатыстым. Және сонымен қатар олимпиадаға, ҰБТ-ға оқушылар дайындап өзімнің  шеберлігімді көрсете  алдым деп ойлаймын.

Тұғырлы тұлғалардың туған жерінде тоғысқан ұлағатты ұстаздар Ыбырай мұрасының тарихи өзегін, танымдық өрісін, заманауи өрнегін өскелең ұрпаққа жеткізуді мұрат етіп тарқасты.

З. Санай