Үй кезегінде тұрған 2 мыңға жуық елордалық, "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында баспаналы болды. Олар -әлеуметтік әлсіз топ өкілдері мен "Тұрғын үй құрылыс жинақ" банкінің салымшылары. Елорда әкімдігінің мәліметінше, алдағы 5 жылда 50 мың адам қоныс тойын тойлайды.
«Қол жетімді» баспанаға қолы жеткендердің бірі- Гүлжанат Шүкеева. Ол осыдан 10 жыл бұрын банктен арнайы депозит ашқан. Ай сайын тиісті қаражатты аударып отырған. Бүгін міне "асығы алшысынан түсіп", асыға күткен пәтерінің кілтін алды. Көңілі жайланған Гүлжанат, баспанасыз жүргендерге жеңілдіктермен қарасатын бағдарламалар әлі де көбейсе дейді.
Гүлжанат ШҮКЕЕВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Отбасы жинақ банкіне өзімнің отбасымнан артылған ақшамды салып отырып, бүгін міне пәтер кілтіне ие болып отырмын. Бұл қуаныш біз үшін көптен күткен қуаныш.
Пайдалануға берілген көп қабатты баспана Алматы ауданында орналасқан. Жаңа тұрғын үй кешенінде 24 үй, 1800 пәтер бар. Пәтерлер банк салымшылары мен кезекте тұрған азаматтарға берілді.
Сабыржан АЛДОҢҒАРОВ, "BAZIS CONSTRUCTION" ЖШС НҰР-СҰЛТАН қ. ФИЛИАЛЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Әкімшіліктің арқасында осындай микрорайон "Отау" деген ашып жатырмыз. 1800 пәтер. Аллаға шүкір, осы барлығы жақсы. Барлығын тапсырып, жасап, үйде суы, жылыуы барлығы қосылған.
Тұрғын үй кешені өз алдына жеке шағын аудан ретінде дамытылады. Құзырлылардың айтуынша, енді мектеп пен балабақша салу жоспарда тұр.
А. Базарбай