Қостанайда саяжай кооперативінің күзетшісі кісі өлтіріп, мәйітін өзен жағасына жасырған. Күдікті қамауға алынды. Кісі қолынан қаза тапқан 45 жастағы қала тұрғыны анасымен бірге саяжай аумағын мекендеген көрінеді. 10 күн бұрын оны кооператив күзетшісі ертіп кетті дейді марқұмның анасы. Баласы үйге оралмаған соң қазанның 1-і күні полицияға хабарлаған.
Людмила КУЗОВАЯ, МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ:
Екінші ұлымнан айрылып қалдым. Кіші баламды да тоғыз жыл бұрын екі жүз мың теңге үшін өлтіріп кетіп еді. Күзетші менің ұлымды жақсы танитын.Не үшін оны өлтіргенін білмеймін.
Жедел-тергеу шараларының нәтижесінде полиция төрт күннің ішінде күдіктіні қолға түсірді. Бұрын сотталмаған. 34 жастағы қала тұрғыны кісі өлтіргенін мойындап, оның денесін Тобыл өзенінің жағасына жасырғанын айтқан. Кооператив күзетшісінің неліктен ауыр қылмыс жасағаны тергеу барысында белгілі болмақ.
Қайрат ДҮЙСЕМБЕКОВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Қолмен, аяқпен ұрған.Тепкілеген. Велосипедпен апарған. Оқиға болған жерден. Өзен жағасына апарып, сол жерге тығып қойған.Біз оны ұстағанда бәрін мойындап, бәрін айтып денесін қайда тыққанын көрсетті.
З. Санай